Қазақстандағы шетел студенттері «Рухани жаңғыруды» қолдайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына шетелдік студенттер қолдау білдірді.

Қазақстандағы шетел студенттері «Рухани жаңғыруды» қолдайды

Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінде өткен «Қазақстан шетел студенттерінің көзқарасымен» атты телекөпірде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан шетел студенттерінің көзқарасымен» атты телекөпірге мемлекетіміздің 7 университетінің өкілдері қатысты. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті , Қазақ мемлекеттік қыздар университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өкілдері онлайн диалог алаңына шығып, пікір алмасты.

ҚазҰУ Тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының студенті, Италиядан келген Даря Куаляны Қазақстанның қарқынды даму процесі қызықтырған.

«Мен Италиядан келдім. Қазақстанның жас мемлекет бола тұра, оның қарқынды даму үрдісі мені қызықтырады. Өз елімде жүргенде Қазақстан жайлы аз білдім. Маған таңсық, жаңа мемлекетті жақынырақ білу үшін осында келдім. Білімімді жалғастыратын университет ретінде ҚазҰУ-ды таңдадым. Мұндағы білім беру жүйесі мен оқытушылар құрамы көңілімнен шықты. Сондай-ақ ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын бір ауыздан қолдаймын» -деді Даря Куаля.

Әл -Фараби атындағы ҚазҰУ «Рухани жаңғыру» офис жобасының басшысы Кенжехан Матыжановтың айтуынша, университетте әлемнің 47 елінен студенттер келіп оқуда. Оған аймақтағы оқу орындарын қосқанда еліміздің шетел студенттерімен жоғары деңгейдегі байланысын байқауға болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында келелі істер жүзеге асып жатыр. Ол шаруалардың нәтижесінің қалай болып жатқанын бүгінгі студенттердің көзқарасынан байқай алдық. Біздің Қазақстанға келіп оқып жатқан студенттер қадамы еліміздің үлкен деңгейге жеткенін, әлемдік қауымдастықтың беделді өкілі болғандығын көрсетеді.»-деді Кенжехан Матыжанов.

null

null