Қазақстандағы сот тәуелсіздігі күшейе түсетін болады - Мәжіліс
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды.
Заң жобасының мақсаты еліміздегі сот тәуелсіздігін күшейту, судьялық лауазымдарға кандидаттарды конкурстық іріктеу үдерістерін жетілдіру, бұндай лауазымдарға кандидаттарды қабылдау барысындағы қоғамның рөлін арттыру болып табылады.
«Жалпы, заң жобасы бойынша судья лауазымына кадрлық резервтің маңызы арта түседі және ұсынылатын өзгерістер сот жүйесін жетілдіруге ықпал ететін болады», - дейді Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев.
Бұдан бөлек, Мәжіліс әділ сот жүйесін дамыту, осы бағытта бюрократиялық үдерістерді төмендетуге бағытталған заң жобасын да жұмысқа алды.