Қазақстандағы сот төрелігі Страсбургте жоғары бағаланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің «Қазақстанда сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыруда қазақстандық билікке қолдау көрсету» бірлескен бағдарламасының қорытындылары Страсбургте жоғары бағаланды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
None
None

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 2014 жылдан бері іске асырылып жатқан Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің «Қазақстанда сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыруда қазақстандық билікке қолдау көрсету» бірлескен бағдарламасы республикадағы құқықтық реформаларды жүзеге асыруда айтарлықтай прогресске қол жеткізуге елеулі үлес қосты.

Ол туралы Страсбург қаласында өткен Бірлескен бағдарламаны іске асыру қорытындыларына арналған Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) жазғы сессиясы аясында өткен арнайы форум барысында айтылды.

Іс-шараға Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Қазақстанның Жоғарғы Сотының судьясы Мадияр Балкен, ЖС аппаратының басшысы Ербол Өміралиев, Қазақстанның Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов және Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов қатысты.

Еуропалық тараптан Еуропа Кеңесінің Әділет және құқықтық ынтымақтастық департаментінің басшысы Ханна Юнкер, бірқатар елдердің ЕКПА мүшелері, оның ішінде Әзербайжан, Испания, Түркия, Украина, Швейцария, Швеция, сондай-ақ сарапшылар мен заңгерлер қатысты.

Аталған Бағдарлама барысында Алматы және Ақмола облыстарында өткен әділдік мәселелері мен адам құқықтарына арналған сегіз жоғары деңгейдегі конференцияларға 750-ден астам Еуропалық сот жүйесі, прокуратура өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, түрме басшылары, заңгерлер мен адам құқықтары жөніндегі ұлттық механизмдері, ҮЕҰ мен академиялық өкілдер қатысты.

Қазақстанның Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық алдын алу механизмі және Республикалық адвокаттар делегациялары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Еуропаның Кеңесіне жеті ресми және жұмыс сапарын жасады. Беларусь, Эстония және Словенияда халықаралық конференцияларға қатысып, Литва, Нидерланды, Словения және Испанияға оқу сапарларын жүргізді.

Р.Василенко Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев соттардың тәуелсіздігін нығайтуға және қылмыстық-атқару жүйесінің ашықтығына бағытталған бірқатар институционалдық реформаларды бастамақ екендігін атап өтті. Осыған байланысты, Бірлескен бағдарлама шеңберінде Еуропалық Одақ және Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық Қазақстан үшін сыртқы саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады.

Өз кезегінде, Е.Өмірәлиев ел басшылығы Қазақстанның сот жүйесін жаңғырту жөніндегі арнайы комиссия құрып, жобаға саяси басшылықты қамтамасыз ететінін атап өтті. Ашық диалог, тиімді коммуникация және ақпараттық технологиялар арқылы азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған жоғары кәсіби сот төрелігі жүйесін құру бойынша нақты нұсқаулықтармен жұмыс жоспары жасалды.

«Қазақстан халықаралық құқықтық актілердің белсенді қатысушысы, 60 халықаралық келісімшарттың, оның ішінде жеті БҰҰ конвенцияларының, мүшесі», - деді М.Ахметжанов.

Ол соңғы жылдары Қазақстанның әлемдегі түрмеге қамалған кісілер саны бойынша үшінші орыннан 84-ші орынға жылжығандығын және мұндай көрсеткішке қылмыстық заңнаманы гуманизациялаудың арқасында қол жеткізілгендігін атап өтті.

Кең ауқымды реформалардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі негізінде жетілдірілді. Бас прокурордың орынбасары сондай-ақ еуропалық сарапшыларды азаптаулардың алдын алу жөніндегі жұмысына көмек көрсеткендері үшін алғысын білдіріп, қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламентінің Қылмыстық кодекске, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне және Қылмыстық-атқару кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты жаңа түзетулер туралы ақпарат берді.

«Біз Қазақстандағы сот жүйесінің тиімділігін арттыруға арналған Қазақстанның 16 аймақтарынан қатысушылар үшін 60-тан астам семинарлар тренингтер, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырдық, - деді Х.Юнкер.

Оның айтуынша, төрт жыл бойы қарқынды жұмыс Бірлескен стратегияны табысты іске асыруға мүмкіндік беріп, қылмыстық сот төрелігі жүйесін реформалау саласындағы Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» жүзеге асыруына ықпал етті.

Іс-шара қатысушылары Қазақстанның сот жүйесін реформалау бойынша Бірлескен бағдарламаның орындалуын қорытындылады және сот аппаратының тиімділігін арттыру туралы пікір алмасты.

Қызығушылықпен өткен талқылау барысында қазақстандық құқық қорғау органдарының өкілдері реформалардың логикасы мен прогресі туралы толық ақпарат берді. Бұл Еуропа Кеңесімен қабылданған курс пен ынтымақтастықты жалғастыруға еліміздің берік ұстанымын растады.

Форум аясында Р. Василенко Еуропа Кеңесінің бас хатшысының орынбасары Габриела Баттаини-Драгони және ЕК Бағдарламалар дирекциясының жетекшісі Верена Тейлормен кездесті.

Кездесу барысында келешекте ынтымақтастықты жалғастыруға және кеңейтуге елеулі перспективалар мен өзара қызығушылықтың бар екендігін атап өтіп, Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар