Қазақстандағы спорт күні: 18 тамызда елордада қандай шаралар өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы демалыс күндері елімізде Спорт күні аталып өтіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, дене шынықтыру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тамыз айының әрбір үшінші жексенбісінде тойланады. Астанада мерекелік шаралар барлық спорт мекемелерінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстандағы спорт күні: 18 тамызда елордада қандай шаралар өтеді

16-19 тамыз аралығында Қазақстандағы спорт күніне орай елордамыздың барлық спорт алаңдарында біруақытта 19 спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Бағдарламаға қазақ күресi, гір көтеру, армрестлинг, асық ату, бүркітшілер жарысы, көкпар, тоғызкұмалақ, грэпплинг, шаңғыроллер, теннис, веложарыс, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, академиялық есу, бокс, киокушинкай-кан каратэ, таэквондо, қоян-қолтық ұрыс, шайбалы хоккей енгізілді.

Осы күндері спорт сарайлары, кешендері және қалалық спорт клубтарында өтетін жарыстарға 3 мыңға жуық спортшы қатысады. Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы саламатты және белсенді өмір салтын ұстанатын әуесқойлар мен кәсіпқойларды, қала тұрғындары мен қонақтарын жоспарланған шараларға қатысуға шақырады.



Астанада Спорт күні құрметіне өткізілетін ауқымды шаралардың бірі - веложарыс. Аталған шара елордада жыл сайын жаздың соңында ұйымдастырылады, оған мыңға жуық адам қатысады. Жарыс барысында спортшылар Қабанбай батыр даңғылының бойымен «Салтанат сарайынан» «Астана Арена» стадионына дейін 5 шақырымды жүріп өтеді. Тіркеу сағат 7:00, жарыс - 08.00-де басталады.

Спорт күніне орайластырылған бұқаралық велошерудің сызбасы

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!

Әуесқойлар турниріне қатысушылардың өз велосипедтері болуы тиіс.

Айта кетейік, веложарыс кезінде 18 тамызда сағат 07:45-тен 08:45-ке дейін веложарыс маршруты бойынша көлік қозғалысы жартылай (Қабанбай батыр даңғылында) шектеледі. Осыны ескере отырып, жүргізушілерден өз қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауы тиіс.