Қазақстандағы су спортының болашағы зор – Ресей чемпионы Софья Сподаренко

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – 50 метр қашықтыққа баттерфляй әдісімен жүзуден Ресей чемпионы Софья Сподаренко енді Қазақстан құрамасында өнер көрсетеді. Спортшы елден қандай әсер алды, қандай қиындықтарға тап болды, алға қандай жоспар қойып отырғаны жайында ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Қазақстандағы су спортының болашағы зор – Ресей чемпионы Софья Сподаренко
Фото: instagram.com/sofyaspodarenko

Софья Сподаренко Өскеменде дүниеге келген. Үш жасында ата-анасымен елден көшіп кеткен. Әжесі, туған-туыстары осы жақта қалғандықтан балалық шағында туған қаласына жиі келетін. Кейін өсе келе елге сапары сиреді, бос уақытының бәрі жаттығумен және жарыстармен өтетін. Қазір Қазақстанға көшіп келгеніне әсіресе әжесі қатты қуаныпты, енді олар жиі көрісетін болған.

- Кішкентай болғанда екі ел арасындағы айырмашылықты байқамайтынмын. Қазір менің директе достарыма жиі жіберетін хабарламаларымның бірі – «Қазақстан 3023 жылда өмір сүріп жатқандай, жылдам дамып келеді».

- Спорттағы әріптестеріңіз Сізді қалай қарсы алды?

- Мен үшін бұл қиын сұрақ дер едім. Әрине, қобалжу болды, менің ауысып келуімді біреулер бәсекелестік ретінде қабылдайтынын түсіндім. Бірақ менде біреудің медалін тартып алар ой да, мақсат та жоқ. Сондықтан мұндағы әріптестерім жылы қабылдағанда таң қалғаным рас. Кейін қазақстандықтар шынайы және өзгеше дос бола алатынына көз жеткіздім. Оны мен өз отбасымнан да байқайтынмын.

- Қазақстанның атынан өнер көрсетуге шешім қабылдау қиын болған шығар?

- Әрине үйреншікті, жайлы ортадан кеткің келмейді ғой. Шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Менің өмірім күнделікті тұрмыстан бастап, спорттық дайындыққа дейін тұтас өзгерді. Бірақ менің алдыма қойған мақсатым бар, сол үшін азаматтығымды да, елді де өзгертіп отырмын. Ресейде тұрсам, халықаралық жарыстарға қатыса алмас едім.

- Жоспарыңыз және мақсатыңыз айқын, оқырмандарымызға айтып өтіңізші. Инстаграмдағы жеке парақшаңызда «ол – ерекше» деп атап өттіңіз...

- Әр спортшы жоғары көрсеткішке ұмтылады. Менің қазіргі мақсатым – Парижде 2024 жылы өтетін Олимпиадаға қатысу. Спортпен кәсіби түрде айналысып, олимпиада жүлдегері болуды армандамау ақымақтық болар еді. Шынын айтқанда, Қазақстанда Ресейге қарағанда бәсекелестік төмен. Онда чемпионатта 800-1000 адам қатысады, Қазақстанда спортшылардың саны 300-ден аспайды.

Құрама қатарындағы жаттығуларға деген көзқарас өте ұнайды. Менің ойымша, бұл болашақта Қазақстандағы су спортының дамуына зор әсер етеді. Үлгі алатын спортшы - олимпиаданың алтын медаль иегері Дмитрий Баландин де бар. Қазақстанға су спортын, соның ішінде жүзуді барынша дамыту керек деп ойлаймын.

- Жаттығу барысында қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

- Қиын болды деп айта алмаймын. Қолайсыздық болғаны рас, өйткені, ел, команда, аймақ – бәрі өзгерді. Мен – өзім туған Шығыс Қазақстан емес, Түркістан облысының намысын қорғаймын. Барлығы да маған таңсық, жаттықтырушымды күнде сұрақтың астына аламын. Жүзуден Ұлттық құрамада менімен Станислав Осинский жұмыс істейді. Ал Түркістандағы жаттықтырушым - Жанас Шалдарбеков.

- Ал хейтерлермен қалай күресіп жатырсыз?

- Ауысу барысында сыншылдардың шабуылын басымнан өткеруге тура келді. Десек те, көпшілік мені қолдады. Қазақстандықтардан, соның ішінде танымайтын адамдардан көптеген қолдауды көрдім. Туған-туыстарым мен достарым демеу болды. Бұл өте маңызды. Агрессивті, жақтырмаған жазбаларды оқымауға тырыстым (күледі). Шынымды айтсам, мен мұндай жағдайға дайын болдым. Бастапқы төрт күн қиын өтті. Кейін жаттығулар басталып, менің бар ойымды осы процесс алды.

- Қазақстанмен Сізді тек спорт қана байланыстыра ма?

- Маған ел де, адамдары да ұнайды. Уақытымның көп бөлігі Алматыда өтіп жатыр. Мегаполистерді ұната қоймасам да, бұл қала өте жайлы. Өмірімнің бір бөлігін осы шаһарда өткізгім келетінін түсіндім. Мен космополитпін. Бойымда украиндықтардың қаны бар – менің атам кезінде Қазақстанға қоныс аударған екен. Өмірімнің басым бөлігін Ресейде өткізсем де, Қазақстанның мәдениетіне қанықпын. Болашақта қайда тұратынымды, қай елде демім үзілетінін білмеймін. Бірақ өмірімнің бір бөлігін Қазақстанда өткізгім келеді.

Естеріңізге салайын, жүзуден Ресей чемпионы, 25 жастағы Софья Сподаренко 11 тамыздан бастан халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр. https://kaz.inform.kz/news/zhuzuden-resey-chempiony-kazakstan-kuramasyna-auysty_a4100428