Қазақстандағы сұйытылған газ шетелге заңсыз сатылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі көгілдір отын шетелге заңсыз жеткізілген. Бұл туралы Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

Қазақстандағы сұйытылған газ шетелге заңсыз сатылған

Ол елден тысқары мекендерде контрабандалық жолмен отын тасымалдайтындар бар екенін жасырмайды. Әсіресе, көрші Ресейде 1 тонна газ үшін 2-3 есе артық қаражат төлейді. Мамандар осындай бірнеше істің тергеліп жатқанын айтты. Алайда бұл көгілдір отын тапшылығының негізгі себебі емес. Тапшылықтың тағы бір себебі - жүргізушілер көліктерін көгілдір отынға ауыстырып, өнімге деген сұраныс еселеп артқан. Соның салдарынан Солтүстік Қазақстан облысында сұйытылған газ азайып, литрі 75 теңгеден сатылған болатын. Қазір өңірге қосымша 1300 тонна көгілдір отын жеткізіліп, жағдай тұрақталды.

«Қазақстанның зауыттары ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге барлық күш қуаттары жетеді. Қазіргі тамыз айында жаңа ғана айтып өткендей, Қазақстан нарығындағы өндірілетін өнімнің 90%-ы ішкі нарыққа кетті. Ішкі нарықтағы сұранысын дұрыс бағалау керек, дұрыс есептеу керек. Екіншіден, дұрыс бағалау арқылы кішкене алдағы 6-7 айға дұрыс жоспар жасау керек,-дейді, ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев.