Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштер жайында 10 деректі фильм түсірілді

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштер жайында 10 деректі фильм түсірілді. Олар жақын арада республикалық телеарналарда көрсетілімге шықпақ.

Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштер жайында 10 деректі фильм түсірілді

Бұл туралы бүгін Астанада өткен ЮНЕСКО мен ИСЕСКО ісі бойынша ұлттық комиссияның отырысында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.

«Қазақфильмнің» тарихында тұңғыш рет қазіргі Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің жәй-күйін көрсететін деректі фильмдердің сериясын түсіру басталып кетті»,-деді жиын барысында М. Құл-Мұхаммед.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда 10 тарихи деректі фильм түсіріліп бітті. Соның ішінде Түркістан қаласына, Жүсіп Ата кесенесіне, Тұрбат және Бабатай ескерткіштеріне, Верныйдағы қалалық училищеге, Жаркент мешітіне, Тамғалының петроглифтеріне арналған фильмдер түсірілген.

«Енді бірер айдан кейін, оларды республиканың барлық телеарналарына тегін таратып беретін боламыз. Келесі жылдың жоспарында тағы осындай 10 фильм түсіру қарастырылған»,-деп атап көрсетті ол.