Қазақстандағы тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды беру қызметі енді Сауда-өнеркәсіп палатасының құзырына өтуі мүмкін
АЛМАТЫ Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Жанар Шағалақова/ - Қазақстандағы тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды беру қызметі енді Сауда-өнеркәсіп палатасының құзырына өтуі ықтимал.
Оны ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылары бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Парламентінің Сенаты «ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бекітті. Қазір Елбасының қол қоюына ұсынылып отыр. Онда халықаралық тәжірибеге сәйкес мемлекеттік стандарт өз өкілеттіктерімен бөліспек. Мәселен, сертификаттарды беру қызметі Сауда-өнеркәсіп палатасына беріліп Мемстандарт оларға бақылау жүргізумен ғана айналысатын болады. Енді мемлекетаралық келісім-шарттар негізінде осындай сертификат болған жағдайда жабдықтаушы кедендік баждан босатылады немесе елеулі жеңілдіктерге ие болады. Сертификат тауарды сараптаудан өткізу барысында тегін беріледі, ал сараптау ақылы қызмет түрінде заңға сәйкес бірнеше ұйымдармен бәсекелестік негізде ұсынылады», - дейді ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Зульфия Ахметжанова.
Оның пайымдауынша, тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттардың Сауда-өнеркәсіп палатасының құзырына берілуі отандық кәсііпорындардың сыртқы нарыққа бәсекелестік қабілеттігінің артуына мүмкіндік ашады. Қазір әлемнің 115 елінде сертификаттарды беру қызметімен Сауда-өнеркәсіп палаталары айналысады.