Қазақстандағы технопарктер «Силикон жазығымен» ынтымақтастық орнатуы керек - Д. Назарбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда технопарк университеттері АҚШ-тағы «Силикон жазығымен» тығыз ынтымақтастық орнатуы керек. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында комитет төрайымы Дариға Назарбаева осылай мәлім етті. Жиын барысында Қазақстандағы технопарктерді дамыту мәселелері талқыланған болатын.

Қазақстандағы технопарктер «Силикон жазығымен» ынтымақтастық орнатуы керек - Д. Назарбаева

Жиын барысында комитет төрайымы технопарк университеттері Қазақстанның Ұлтттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста болуы тиістігін атап өтті. «Шындығында, технопарктерді университеттермен «қосақтау» керек. Студенттердің ғылымға баруына, эксперименттер, сынақтар жасап, тәжірибе жинақтауына жағдай жасауға тиіспіз. Бұл еліміз үшін әсіресе, ғылыми кадр даярлау саласындағы бірнеше мәселені шешіп берер еді», - дейді Дариға Назарбаева. Бұл ретте депутат бизнес пен технопарктер арасындағы байланыстан біраз мәселені шешуге болатынын атап өтті.

«Тағы бір маңызды мәселе ұлттық технопарктерді неге халықаралық венчурлық қорлармен байланыстырмасқа. Мәселен, «Силикон жазығымен» неге ынтымақтастықты дамыта алмаймыз? Шындығында, «Силикон жазығының» мамандары елімізге келіп тұрады емес пе?» - деді Д.Назарбаева. Сөз арасында депутат елімізде қолдау таппаған көптеген қазақстандық өнертапқыштар шетелге жүгініп жатқанын да тілге тиек етті.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тың Калифорния штатында дүние жүзіндегі жоғары технологиялар мен компьютерлер жасаудың ең ірі және ең табысты орталықтарының бірі - әйгілі «Силикон жазығы» орналасқан. Мұнда компьютерлер мен оларды бағдарламалық жағынан қамтамасыз ету құралдарын шығаратын жетекші кәсіпорындардың штаб-пәтерлері, зерттеу орталықтары да жұмыс жасайды. Ал депутат Д. Назарбаева өз сөзінде дәл осы орталықпен ынтымақтастық туралы айтып отыр.