Қазақстандағы террористік әрекеттер кезінде өрт сөндіруші көліктерге 33 рет шабуыл жасалған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда террористік әрекеттер кезінде өрт сөндіруге барған көліктерге 33 рет шабуыл жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтеріне сілтеме жасап.

Қазақстандағы террористік әрекеттер кезінде өрт сөндіруші көліктерге 33 рет шабуыл жасалған

«Еліміздің кейбір аймақтарында болған заңсыз әрекеттер кезінде жалпыадамзаттық және моральдық құндылықтар аяққа тапталып, адамдар мен олардың мүліктерін өрттен сақтандыруға барған қарусыз өрт сөндірушілерге шабуыл жасалды. Бүкіл әлемде, тіпті әскери қақтығыстар кезінде де құтқарушылар екі тараптың да қолдауымен өз міндеттерін жүзеге асырып келген болатын»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ ондағы мәліметтерге қарағанда, өртті сөндіруге барған өрт сөндіруші көліктерге 33 рет шабуыл жасалды. Тәртіпсіздіктер кезінде өрт сөндірушілерге тас лақтырып, оқ атқан және олардың қозғалысына кедергі келтірген. Өзінің қызметтік міндетін атқару кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері жарақат алған, кейбірі атыс қаруынан.

Осы шабуылдардың салдарынан 29 өрт сөндіруші және құтқару техникасына зақым келді, сондай-ақ 5 автоцистерна толығымен жанып кеткен.

Қауіп-қатерге қарамастан Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері 75 рет өрт сөндіріп, қауіпті аймақтан 143 азамат құтқарылған.

Еліміздің барлық аймағында төтенше жағдайлар қызметі үздіксіз жұмыс істеді.