Қазақстандағы TikTok: Биылғы жылдың үздіктері аталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – TikTok платформасы Қазақстан бойынша 2022 жылдың қорытындысын шығарды. Оған сәйкес, биыл елімізде аталған платформаның миллиондаған қолданушысының көңілінен шыққан жаңа жұлдыздар мен трендтер пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы TikTok: Биылғы жылдың үздіктері аталды

TikTok-тың Қазақстандағы өкілдері биыл ең көп қаралым жинаған видеороликтерді іріктеді. Олардың арасында алматылық суретші Әсел Сабыржанқызының сөздерден Абайдың портретін салған видеосы мен Елена Золотухинаның турникте орындағын трюктері бар. Сонымен қатар жас домбырашылардың атақты «Адай» күйін орындаған бейнеролигі ең көп қаралым жинаған. Ал алматылық химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновтің білім беру бағытындағы креативті видеолары жыл жаңалығына айналды. Сондай-ақ ол былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған болатын.

«Біз ұстаздар күніне орай ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен #ҚазақстанМұғалімдері байқауын бастадық. Онда еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздар қысқа бейнероликтер арқылы білімді креативті түрде жеткізуге тырыса білді. Қазір хэштег 110 миллионнан астам қаралым жинады.

Сондай-ақ «KazakhTourism» компаниясымен бірге қолға алынған қазақстандықтарды туған елінде демалуға және саяхаттауға үндеу мақсатында #TravelKazakhstan хэштегі қосылды. Контенттің қаралым саны 20 миллионнан асты. Бұған қоса, платформа ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында #МенЧемпионмын бастамасын жүзеге асырды», - деді «TikTok» операциялық бөлімінің аға менеджері Надежда Лапина.