Қазақстандағы төрелік және аралық соттар кең ауқымда қолданылмай отыр

Еске салсақ, елімізде «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелiк туралы» заңдар 2004 жылы қабылданған болатын. Мұндай заңдардың сегіз жыл бойы қолданыста болғанына қарамастан, аталған институттардың кең ауқымды қолданылуына жеткілікті серпін бере алмады. Ал әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ХХI ғасырда дамыған мемлекеттерде экономикалық және халықаралық құқықтық даулардың 70-90 пайызы аралық сот ісін жүргізу шеңберінде шешіледі.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда аралық соттар 90-шы жылдардың басында еліміздің нарықтық экономикаға ауысқанынан кейін кең тараған. Бүгінде Қазақстан нарықтық экономикалы әлемдік қоғамдастықтың тең құқықты мүшесіне айналып, әлемдегі айтарлықтай серпінді дамушы мемлекеттердің бірі ретінде сипатталады. Инвестиция үшін өңірдегі неғұрлым тартымды елге де айналды. Осындай оң үрдістер кәсіпкерлердің шаруашылық қызметінің жандануына және нәтижесінде даулардың туындауына ықпал ететін болады. Ал мамандардың айтуынша, халықаралық тәжірибе көрсеткендей шаруашылық субьектілеріндегі мұндай дауларды аралық (төрелік) соттарда шешкен дұрыс.
Сондықтан да, Әділет министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеген. Құжат төрелікті және аралық сотты нығайтуға, оның ішінде мемлекеттік соттардың жүктемесін азайтуға бағытталады. Төрелік және аралық соттың адамның өмірі мен денсаулығына, жеке өміріне қол сұқпаушылыққа, жеке және отбасы құпиясына, есім алу құқығына байланысты мүліктік емес сипаттағы дауларды қарауға құқылы еместігін заңнама жүзінде белгілеу болып табылады.
Халықты хабардар ету үшін заң жобасымен «Аралық соттар туралы» Заңға тұрақты жұмыс істейтін аралық сот өзінің аралық соттарының тізілімін жүргізетін норма енгізіледі. Тұрақты жұмыс істейтін аралық соттың, оның заңды мекен-жайы, жұмыс регламенті, аралық соттардың тізілімі туралы ақпарат жеке және заңды тұлғалар еркін танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында және жалпы пайдаланудағы телекоммуникация тораптарында орналастырылады. Осы жағдайды заңды түрде бекіту халықтың аралық соттар туралы хабардар болуын және дауларды баламалы шешуде олардың құқықтық сауаттылығын көтеруге ықпал етеді.