Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімнің құпиясы неде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан халықаралық ғылыми конференцияда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімнің құпиясы неде?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімнің құпиясы неде

«Қазақстанда тұрақтылық пен келісімнің құпиясы неде? Оның жауабы анық. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасының барлық бастамалары қазақстандықтардың бірлігін нығайту мақсатына бағытталды. Президент атап көрсеткендей: «Қазақстанның барлық тарихы - ол бірігу тарихы. Біз - тек қана бірлік пен бірігу жолында келе жатқан халықпыз». Нұрсұлтан Назарбаевтың моделі барлық азаматтардың құқығын құрметтеуге және экстремизмнің кез келген көріністеріне, зорлық-зомбылыққа, радикализмге мүлдем төзбеушілікке негізделген. Сондай-ақ оның ішінде мемлекет пен азаматтық институттардың арасында ашық диалог орнату бойынша міндетті басымдықтар қойылған», -  деді министр.

Оның айтуынша, аталған принциптер барлық стратегиялық бағдарламалық құжаттарда, оның ішінде Елбасының жыл сайынғы Жолдауында, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында көрсетілген. Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Президент барлық этникалық топтар мен діндерге төзімділікпен, бейбітшілікпен және құрметпен қарау - Қазақстанның байырғы мұрасы екенін атап өткен.

«Дәл осы дәстүрлердің өзі табысты дамудың негізі болып табылады. Осы құндылықтар негізінде ұлттық бірегейлікті Мемлекет басшысы одан әрі жаңғыртудың маңызды шарты ретінде анықтайды. Біз Тәуелсіздіктің 25  жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы қорымен бірге қоғамдық пікірді кең ауқымда зерделедік. Біздің зерттеуіміз келесіні көрсетеді. Қазақстандықтардың көп бөлігі дінге көзқарастардың еркіндік құқығын, этностардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет саясатын қолдайды», - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Айта кетерлігі, «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаевтың үлгісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ҚР Тұңғыш Президенті күніне және елорданың Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған. Шара мақсаты - әлем елдеріндегі бірегейліктің қалыптасу мәселелерін қазақстандық тәжірибемен салыстыра талқылау, этносаралық және конфессияаралық  келісімнің «Н.Назарбаев моделі» ретінде танылған қазақстандық үлгінің тұсауын кесу. Конференцияға саясаттану, тарих, философия, әлеуметтану, этнология және басқа да гуманитарлық ғылымдар бағытындағы Германия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан  елдерінің ғалымдары қатысуда.