Қазақстандағы тұрғын үй қорының жалпы аумағы 268 млн. шаршы метрге жуық

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі таңда республикадағы тұрғын үй қорының жалпы аумағы 268 млн. шаршы метрге жуық.

Қазақстандағы тұрғын үй қорының жалпы аумағы 268 млн. шаршы метрге жуық

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұның ішінде 261 млн. шаршы метр немесе жалпы аумақтың 98 пайызы жекеменшік секторының үлесінде. Сонымен бірге еліміздегі көппәтерлі үйлердің жалпы аумағы 157,2 млн. шаршы метрді құрайды. Оның 50,1 млн. шаршы метрі немесе 32 пайызы жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуді талап етеді. Ал тұрғын үй қорының 3,8 млн. шаршы метрі немесе 2 пайызы тұруға жарамсыз, бұзылуға тиісті апатты жағдайдағы тұрғын үйлер болып табылады», деді Агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, коммуналдық қызметтерге төлемдердың жасалмауы, ортақ мүлікті басқаруда пәтер меншігі иелерінің енжарлығы және көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуді қаржыландыру үшін қаражатты жинақтаудың тиімді тетігінің болмауы тұрғын үй қорын ұстаудың негізгі проблемалары болып табылады.