Қазақстандағы үздік еңбек әулеті марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Еңбек күні мен Әлеуметтік қорғау қызметкерлері күніне орай «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай» республикалық форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлығыңызды бәрімізге ортақ кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Біз бүгін «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай» республикалық форумын өткізіп отырмыз, бұл форум Еңбек адамының қоғамдағы беделін көрсетеді әрі еңбек әулетінің көп жылғы дәстүрін нығайтуға және жастарды өндіріс саласына тартуға бағытталған», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартудың нақты қадамдары екенін атап өтті.
«Өмір сүру сапасын жақсарту үшін жергілікті жерлерде әлеуметтік, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға, халықты сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге ауқымды инвестициялар жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, бұл барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Халықтың табысын арттыру жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мүмкіндігіне, еңбек өнімділігін арттыруға байланысты», - деді министр.
Форум аясында еңбекшілердің фотокөрмесі өтіп, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді, сонымен қатар «Еңбек жолы» және «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» республикалық конкурстарының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.
«Еңбек жолы» байқауы еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында өткізіледі. Онда «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістегі ең жас үздік жұмыскер» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» сияқты үш аталым бойынша жеңімпаздар анықталды.
Биыл Құрманғалиевтер отбасы «Үздік еңбек әулеті» аталымында жеңімпаз атанды. Барлық отбасы мүшелерін жекелеп есептегенде орман шаруашылығындағы еңбек өтілі 458 жыл. Бұл отбасының 25 мүшесі төрт ұрпақ сабақтастығымен осы салада еңбек етіп келеді.
Бұдан бөлек, онлайн-дауыс беру мен репсубликалық комиссияның шешімі бойынша Сотқаров Әбілқайыр Әутайұлы «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында озып шықты. Ол Ақтөбе облысындағы «Казхром ТНК» акционерлік қоғамында металлург болып жұмыс істейді.
Ал «Өндірістегі үздік жас жұмыскер» аталымында Атырау облысындағы «Доссормұнайгаз» кәсіпорнының жұмыскері Тұрсынбек Айбек Тұрсынбекұлы жеңіске жетті.
Дәстүр бойынша Форум аясында Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күні қарсаңында сала қызметкелерін марапаттау рәсімі өткізілді.
Ағымдағы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» атағы үшін ІІІ республикалық конкурсты өткізді. Бұл тұрғыда еліміздің әр өңірінде жұмыс істейтін әлеуметтік саладағы бірқатар қызметкерлер республикалық комиссияның шешімімен жеңімпаз атанды.
Осы орайда «Зейнетақы жүйесіндегі үздік қызметкер», «Әлеуметтік сала жүйесіндегі үздік қызметкер», «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме», «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым», «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері», «Әлеуметтік саланың үздік менеджер-ұйымдастырушысы», «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» аталымдарында сапалы қызмет көрсеткен мамандар марапатқа ие болды.
Осыған дейін елімізде 2018 жылдың соңына дейін еңбек кітапшасы алынып тасталатынын хабарлағанбыз.