Қазақстандағы үздік жас маман мен еңбек әулеті анықталады
Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аясында еңбек адамының мәртебесін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру, жұмысшы кәсіптерді насихаттау, жастарды өндіріске тарту және еңбек әулеттерінің жылдар бойғы дәстүрін нығайту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Еңбек күні» мерекесі бекітілген болатын. Ол жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Өткен жылы Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын насихаттау мақсатында Еңбек министрлігі еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлері арасында «Еңбек жолы» республикалық байқауын бекіткен болатын. Бұл байқаудың мақсаты қазақстандықтардың бойында ел экономикасының дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген отандастарымыздың жетістігіне мақтаныш сезімін ояту деп білеміз», - деді Нұрымбетов.
Оның айтуынша, «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» сынды үш аталымнан тұрады. Байқау алдымен өңірлік деңгейде, одан кейін республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Бірінші кезеңде әр өңірден үздік үштік онлайн-дауыс беру арқылы анықталады. Осыдан кейін облыстық және республикалық деңгейдегі комиссиялар онлайн-дауыс беру нәтижесінде үздік шыққандардың ішінен жеңімпаздардың есімдерін атайтын болады.
«Мамыр айында біз байқауға өтінімдерді қабылдауды бастамақпыз. 1-31 тамыз аралығында дауыс беру кезеңі өткізіліп, өңірлік деңгейдегі жеңімпаздар анықталады. 8-22 қыркүйек аралығында өңірлік еңбеккерлер форумы өткізіліп, аймақтық жеңімпаздар ұлықталады. Дәл осындай шара республикалық деңгейде де өткізіледі. Яғни, қыркүйек айының соңғы жексенбісі - 27-сі күні республикалық форум өтіп, онда еліміз «Еңбек жолы» байқауы жеңімпаздарының есімдерін білетін болады», - деді вице-министр.