Қазақстандағы зерттелмеген шөгінді алаптардың әлеуеті айқындалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Оорталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы зерттелмеген шөгінді алаптардың әлеуеті айқындалады

«Таулы әрі кенді аудандардағы шөгінді алаптардың мұнайлы әлеуетін айқындап, «терең көкжиектерін» зерттеу жоспарда бар», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуына қарағанда, мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың арқасында 2025 жылға дейін әлеуетті деген 40 учаскені анықтап, көмірсутектер ресурстарына айқын болжам жасауға болады.

«Бұл геологиялық саланың әлеуеті зор екенін көрсетеді. Геологиялық ғылымға да баса назар аударылғалы отыр. Аймақтық іздеу және барлау сатысындағы жұмыстарды талдау және ғылыми-зерттеу жұмыстарына басымдық беріледі. Мемлекеттік бағдарламаны 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында бекіту көзделген. 2019 жылы 76 нысанға геологиялық барлау жүргізілген болатын. Осы жұмыстың арқасында республикалық барлық өңірінде әлеуетті нысандары мен болжамды ресурстары айқындалып, тереңірек геологиялық жұмыс жүргізу бойынша кеңес берілді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.