Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындау

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі бөлініп, Мемлекеттік қызмет істері министрлігі және оның құрылымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы құрылды.

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындау

Аталған ведомстволардың басшылары да Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалды. Мұнан бөлек, осы аптада ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Жоғарғы соты кеңесінің төрағасы тағайындалғаны белгілі болды. ҚазАқпарат осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Талғат Советбекұлы Донақов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрі болып тағайындалды.

Т.Донақов 1965 жылы туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясындағы Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. Мамандығы бойынша - заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы бар, ағылшын тілін меңгерген. Республика Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері, ғалым-хатшысы болып жұмыс істеді. 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының кеңесшісі, көмекшісі, кейіннен Заңнама, құқықтық сараптау және талдау мәселелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. Әділет бірінші вице-министрі, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы лауазымдарына тағайындалған. 2008 жылғы қазаннан - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары.

Жаңадан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшылығына Қайрат Пернешұлы Қожамжаров келді. Ол 1965 жылы туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. 1987 жылдан бастап 1995 жылға дейін Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдарында қызмет еткен. 1995 жылғы қыркүйектен бастап 1998 жылғы наурызға дейін кеден органдарында қызметте болған. 1999 жылғы шілдеден бастап осы уақытқа дейін қаржы полициясы органдарында қызмет етті. Әр түрлі лауазымдарда: 2001 жылғы ақпаннан бастап Агенттіктің тергеу басқармасының бастығы, 2002 жылғы ақпаннан бастап 2004 жылғы мамырға дейін Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығының орынбасары, 2004 жылғы мамырдан бастап 2007 жылғы қаңтарға дейін Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығы, 2007 жылғы қаңтардан бастап 2008 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Төрағасының орынбасары болды. 2008 жылғы желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. Кейін Ақмола облысын басқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. Қаржы полициясының генерал-майоры. ІI дәрежелі «Даңқ» орденімен, Ресей Федерациясының "За нашу победу" орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.

Ал ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне келген Марат Бақытжанұлы Бекетаев 1977 жылы туған. Қазақ Мемлекеттік заң университетін, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін бітірген, мамандығы бойынша - заңгер, құқықтану мастері. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, ағылшын тілін меңгерген. Еңбек жолын Қазақстан Республикасындағы Британ кеңесінің заңгері болып бастаған. Сыртқы істер министрлігінің «Дипломатиялық корпусқа қызмет көрсету басқармасы» ЖАҚ сектор меңгерушісі, бөлім бастығы болып жұмыс істеді, кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма бастығы болды. Еура­зиялық мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталығы директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Премьер-Министрдің кеңесшісі болды. Әділет вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2010 жылғы сәуірден - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы.

ҚР Президенті көмекшісі қызметіне кіріскен Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемле­кеттік ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген. Мамандығы бойынша - математик, мемлекеттік басқару магистрі. Ағылшын тілін меңгерген. Еңбек жолын «А-Инвест» инвестициялық жекеше­лендіру қорының бағалы қағаздар жөніндегі бас маманы болып бастады. 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика агенттігінің бас басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы болып жұмыс істеді. Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің сектор меңгерушісі, Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымдарында қызмет атқарды. «Экспортты кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі Мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «КазАгро» Ұлттық холдингі» АҚ басқарма төрағасы болды. Сыртқы істер вице-министрі, Қаржы вице-министрі, Статистика агенттігінің төрағасы лауазымдарына тағайындалған. 2014 жылғы тамыздан - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика агенттігінің төрағасы.

ҚР Президенті Жарлығымен ҚР Жоғарғы соты кеңесінің төрағасы болған Анатолий Сергеевич Смолин 1959 жылы туған. Свердловск заң институтын бітірген. Мамандығы бойынша - заңгер. Көкшетау облысы Красноармейск аудандық халықтық сотының судьясы, төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша аудандық сотының төрағасы болып жұмыс істеді.

1998-2002 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық соты­ның қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, қадағалау алқасының төрағасы лауазымдарында қызмет атқарды. 2010 жылғы ақпаннан - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы.

Сонымен қатар осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасарлары қызметіне Алпысбай Рахметоллаұлы Ахметов, Ғалымжан Олжайұлы Пирматов тағайындалғаны белгілі болды.

Мұса Тұрманұлы Танабаев ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшысы болып тағайындалды. Мұса Тұрманұлы 1965 жылғы 1 ақпанда Жезқазған облысының Жезқазған кентінде дүниеге келген. 1987 жылы Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженер-электригі» мамандығы және 1994 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. 2006-2008 жылдары Жезқазған қаласының әкімі. 2008-2010 жылдары Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитетінің Мұнайгаз өнеркәсібін мемлекеттік бақылау басқармасының бастығы болып қызмет етті. 2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды. 2013 жылғы наурыздан 2014 жылғы қарашаға дейін Қостанай облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы лауазымында қызмет етті. 2014 жылғы қарашадан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті» ММ басшысы лауазымын атқарды. Мемлекеттік және халықаралық наградалары, сыйлықтары, құрметті атақтары: Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хаты, «Қазақстан Ресупбликасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі, І, ІІ дәрежелі және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «Ерен еңбегі үшін» белгісі.

Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Ол - ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметінде болған Айжан Сыздықова. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде жұмыс істеген Айжан Садықова ШҚО білім беру департаменті бастығының орынбасары, білім беру басқармасы бастығының орынбасары болған.

«Атамекен» ҚР ҰКП төрағасының жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке Төлеміс Шотанов келді. Ол бұрын Палатаның ақтөбелік дирекциясына басшылық еткен болатын, кейін Өңірлік даму департаментінің басқарушы директоры - директор лауазымында болды.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасында да өзгерістер орын алды. Онда ӨКП Өңірлік кеңесінің жаңа төрағасы болып Римма Салықова сайланды. Ол өңірге танымал тұлға, Алматы облысы Іскер әйелдер қауымдастығын басқарады, Алматы облысы әкімінің жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, «Алматы бояулары» ЖШС директоры.