Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің жаңа орынбасары қызметіне кірісті. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарында өңір басшысының орынбасарлары ауысты. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінде жаңа вице-министр болып Ермек Беделбайұлы Көшербаев тағайындалды.
Ермек Көшербаев 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих мамандығын және КСРО СІМ-нің дипломатиялық академиясын бітірген. Әр жылдарда Қазақ КСР СІМ, ҚР Президент Әкімшілігі, ҚР Үкіметінде, ҚР СІМ, «Нұр Отан» ХДП, «ҚазМұнайГаз» АҚ-да түрлі қызметтерді атқарған. Сондай-ақ «Ертіс» ӘКК» ҰК басқарма төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерінде болды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша, облыс әкімінің өкімімен ШҚО әкімінің аграрлық секторы бойынша орынбасары болып Көкпекті ауданының бұрынғы әкімі Дүйсенғазы Мусин тағайындалды. Аталған салада тәжірибесі мол Д.Мусин Қазақ ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Жарма ауданы Ленин атындағы кеңшарында агроном болып бастап, бас агроном, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, «Қалбатау асыл тұқымды мал зауыты» АҚ басқарма төрағасы, президенті қызметін атқарған. 2001-2009 жылдары Жарма ауданының, 2009 жылдан күні бүгінге дейін Көкпекті ауданы әкімі болып еңбек етті. Ауыл шаруашылығы саласында атқарған жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері.
Курчатов қаласының бұрынғы әкімі Дмитрий Гариков те Шығыс Қазақстан облыс әкімінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары болып тағайындалды. Д.Гариков еңбек жолын Бородулиха ауданынан бастаған. «Коммуналды шаруашылық» мемлекеттік коммуналдық көпсалалы кәсіпорын басшысы, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меңгерушсі, аудан әкімінің орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2011-2013 жылдары Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болып, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, сумен қамтамасыз ету, құрылыс, автокөлік жолдары және байланыс жұмыстарына жетекшілік еткен. Осы уақытқа дейін Курчатов қаласының әкімі қызметін атқарды. Ал Рауан Кенжеханұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Кенжеханұлы Рауан 1979 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін - халықаралық қатынастар мамандығы бойынша, Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын - іскерлік әкімшілік шебері мамандығы бойынша, сондай-ақ АҚШ-тағы Гарвард университетінің Халықаралық қатынастар орталығының Дж. Кеннеди атындағы Басқару мектебін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Ұлттық дебат орталығында үйлестіруші ретінде бастаған. 2002-2005 жылдары «Хабар» агенттігінің Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының редакторы, Ресей Федерациясы бойынша меншікті тілшісі, 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде екінші хатшы, бірінші хатшы, 2006-2009 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалының директоры, Маңғыстау облысы әкімінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2010-2011 жылдары АҚШ-тағы Гарвард университетінде лингвистика департаментінің оқытушысы болып қызмет атқарған. 2011 жылдан осы кезге дейін «Bilim Media Group» компаниясының директоры қызметін атқарып келді. Сонымен қатар Байназарова Райкүл Мансұрқызы үкіметтік емес ұйымдармен және кәсіподақтармен байланыс жөніндегі Қызылорда облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Райкүл Мансұрқызы 1957 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын - математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша және Алматы заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Қызылорда педагогикалық институтының Студенттер кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде бастаған. 1983-1987 жылдары Ағарту, жоғарғы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің хатшысы қызметін атқарған. 1987 жылдан осы кезге дейін Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрағасы, ал 2012 жылдан Облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқаруда. Айта кетерлігі, бұдан бөлек осы облыстың 2 басқармасында да басшылар ауысты. Атап айтқанда, Еркебұлан Меңлібаев Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Еркебұлан Қайырбекұлы 1990 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін информатика мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы «Студент жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің менеджері болып бастаған. 2010-2013 жылдары - «Жас ғалымдар Альянсы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры қызметін атқарған. 2012 жылдан бастап осы кезге дейін «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы, ал 2013 жылдан Қызылорда облысы бойынша «Жас Отан» Қоры» корпоративтік қорының директоры қызметін қоса атқарып келді.
Сондай-ақ өткізілген конкурс нәтижесі бойынша облыс әкімінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы облыс әкімінің өкімімен Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы Қызылорда облысы құрылыс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Мұрат Жолкелдіұлы 1963 жылы дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы «Қызылордақұрылыс» тресінің арматуршысы ретінде бастаған. 1985-2010 жылдары облыстың құрылыс мекемелерінде түрлі басшылық лауазымдарды атқарған. 2010-2013 жылдары - «Оңтүстік» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім бастығы болса, 2013 жылдан осы кезге дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Соңғы тағайындау, осы аптада «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ президенті қызметіне Мұхаметқалиев Береке Сағатұлы тағайындалғаны белгілі болды. Оны кәсіпорын ұжымына Еуразиялық топ жетекшісі Александр Машкевич арнайы таныстырды. Айта кетерлігі, ол бұған дейін «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ-ның президенті болып қызмет атқарған еді.