Қазақстандағы жасөспірімдер арасында түсік жасату 5 жылда 2 есеге төмендеді - Аналар форумы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жасөспірімдер арасында түсік жасату 5 жылда 2 есеге төмендеді. Бұл туралы бүгін Отбасындағы толеранттылық мәселелері жөніндегі бірінші республикалық Аналар форумы барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша комиссия мүшесі Салтанат Байқошқарова мәлім етті.
«Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан халық арасында репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша сауаттылық деңгейін арттыру тұрғысында тиісті жұмыстар қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бұл мәселелер Ұлттық комиссияның күн тәртібінде бірнеше рет көтерілген болатын. Осы бағыттағы жұмыстар жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен түсік жасатуды тұрақты түрде төмендетуге мүмкіндік берді»,- деді С. Байқошқарова.
Оның сөзіне қарағанда, жасөспірімдер арасындағы жүктілік 5 жылда 30 пайызға төмендеді. Жасөспірімдер арасында түсік жасату көлемі бес жылда 2 есеге жуық төмендеді. Алайда бұл проблема бүгінде әлі де бар.
Сонымен қатар С. Байқошқарова Қазақстанда соңғы бес жылда аналардың өлім-жітімі үш есеге төмендегенін, 1,6 есеге сәбилердің өлім-жітімі азайғанын атап өтті.