13:31, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстандағы жастар саясатының заманауи бағыттарына арналған отырыс өтті
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Бүгін Алматыда «Нұр Отан» ХДП Бостандық аудандық филиалы мен аудандық «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы жастар саясатының заманауи бағыттары» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында Қазақстандағы жастардың өзекті мәселелері, оларды шешудегі жастар ұйымдарының орны, жастар саясатын дамытудағы бағыттар сөз болды. Шараға «Нұр Отан» ХДП Бостандық аудандық филиалының, жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, бүгінгі жастар саясаты төңірегіндегі ойларын ортаға салды. «Бүгінде жастардың өзекті проблемалары көп. Мысалы, қазіргі кезде ақылы бөлімде оқитын студенттердің оқу ақыларын төлей алмауы. Бұл мәселе «Нұр Отан» ХДП-ның парламенттегі өкілдерінің де назарынан тыс қалып отырған жоқ. Олар студенттердің оқу ақысын төлеу мерзімін кейінге шегеру туралы жоғары оқу орындары басшыларына ұсыныс жасады. Бүгінгі отырыста осындай өзекті жайларды жастар ұйымдары тарапынан естіп, тиісті орындарға жеткізбекпіз», деді «Нұр Отан» ХДП Бостандық аудандық филиалы төрағасының орынбасары Әділ Төлегенов. Отырысқа қатысқан жастар ұйымдарының өкілдері қазіргі таңда әлеуметтік топ өкілдері ретінде жастарды қолдауға көңіл барынша бөлінуі тиіс деген пікірде.