Қазақстандағы жайылымдық жерлердің 40 пайызы өте нашар күйде
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жайылымдық жерлердің 40 пайызы нашар күйде. Мұндай деректер ғарыштық мониторинг нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Былтыр көктемде Қазақстанның 60 ауданы бойынша жайылымдық алқаптардың 26,2%-ы өте нашар және 33,4%-ы нашар жағдайда екені анықталды», - деді Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Ал биыл көктем мезгілінде жүргізілген мониторинг қорытындысы негізінде жайылымдық жерлердің жай-күйі мынадай:
- 40% жайылымдық жердің жағдайы өте нашар;
- 4 млн гектар жайылым жер қатты дәрежеде деградацияланған;
- өсімдіктердің орташа өнімділігі гектарына 4,6 центнер.
Сонымен қатар спикер былтыр Қазақстан бойынша 5 683 рұқсат етілмеген қоқыс объектілері анықталғанын айтты.
Бұған қоса, Баубек Оралмағамбетов мал жаюға берілген 12 млн гектар жерде төрт түлік жоқ екенін мәлім етті.