Қазақстандағы жекелеген азық-түлік тауарларының бағасы әлемнің ірі қалаларындағы көрсеткіштен жоғары

Бүгін Парламент Мәжілісінде еліміздегі азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселелерін талқылау барысында депутат Уәлихан Бишімбаев осылай мәлім етті.
«Қазақстанда азық-түлік өнімдері себетіндегі жекелеген тауарлардың бөлшек саудадағы бағасы әлемнің ірі қалаларындағы бағадан жоғары. Оның ішінде Кедендік одақ елдері арасында да осылай болып отыр. Егер жағдайды экономикалық, бағалық қолжетімділік тұрғысынан қарастырсақ, онда азық-түліктің азаматтардың жекелеген санатына қолжетімсіз болып бара жатқанын айтуға тиіспіз. Олардың өздерін, бала-шағасын тамақтандыру үшін ғана шығыстарды молынан жұмсауына тура келеді», - дейді У. Бишімбаев.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органдар да мониторинг арқылы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Мәселен, Үкімет баға мониторингі жасалатын әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тізбесін күнкөріс себетіндегі 43 тауардың 17 аталымы бойынша қалыптастырған. Сонымен қатар, У. Бишімбаев азық-түлік себетіндегі тәуліктік тұтыну нормасы бойынша 43 позиция қалыптасқанын айта келе, бұның бұрынғы КСРО нормасынан да төмен екендігін алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Кедендік одақ мемлекеттерінің азық-түлік себетіндегі ауқым мен мөлшер де әртүрлі.