Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында алғаш рет Алматыда Қамқоршылар кеңесі құрылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков төрағалық еткен отырысқа көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ірі коммерциялық компаниялардың жетекшілері қатысты. Қамқоршылар кеңесіне ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед,Ұлттық Ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев, "Capіtal Partners" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сержан Жұмашев, ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов және тағы басқа да азаматтар еніп отыр.
"Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Қамқоршылар кеңесі институтын ҚазҰУ бірінші болып ұйымдастырып отыр. Қамқоршылар кеңесі - жоғары оқу орындарының іс-әрекетін қадағалайтын қоғамдық бақылау болып табылады. Мұндай кеңес әлемдік университеттер тәжірибесінде бұрыннан бар. Ал еліміздегі білім ордалары арасында алғаш рет Қазақстанның бірінші университеті ҚазҰУ-ға енгізіп отырмыз. Қамқоршылар кеңесінде университеттің келешекте дамуы мен ғылым және білім саласындағы көп сұрақтар қаралады", дейді ректор Бақытжан Жұмағұлов.
«Қамқоршылар кеңесі әлемдік университеттерде 50 жылдан астам уақытан бері жұмыс жасап келеді. Сол себепті игілікті бұл істің отандық оқу ордасында көрініс табуы мені қуантып отыр. Себебі, біз Кеңес жұмысын жақсарта отырып, әлемдік деңгейдегі міндеттерді атқаруды қолға алып отырмыз", дейді ғарышкер Талғат Мұсабаев. ҚазҰУ-ды заманауи-инновациялық зерттеу орталығына айналдыруды мақсат тұтатын Қамқоршылар кеңесінің маңызы туралы Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің басшысы Қуаныш Сұлтанов: "Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ғылым, біліммен тығыз байланысты. Сол себепті әлемдік тәжірибені қолдана отырып, Қамқоршылар кеңесін жүзеге асыруымыз университеттің дамыған елдер қатарында бәсекеге төтеп беруін арттыра түсетіні сөзсіз", деді.