Қазақстандағы жолаушылар вагондары қалай жаңартылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері жолаушылар тасымалын субсидиялаудың жаңа меxанизмі арқасында вагондар жаңартылып, қызмет көрсету сапасы көтеріледі, тіпті жаңа пойыздарды іске қосуға мүмкіндік береді дейді.
Бұрын субсидиялау туралы келісімшарттар төрт-ақ жылға рәсімделетін. Ол уақыттың ішінде тасымалдаушы компаниялар өз шығындарын ақтай алмай келді. Ендігі кезекте ондай құжаттар жиырма жылға рәсімделеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаевтың айтуынша, жақында барлық әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жиырма жылдық кезеңге тасымалдаушыларды анықтау бойынша конкурстық процедуралар өткізілді. "Ұзақ мерзімді кезеңге конкурсты өткізу инвестициялар тарту шарттарының бірі болып табылады. Яғни, бұдан бұрын субсидиялау шарты төрт жылдық кезеңге жасалғандықтан тасымалдаушылар салынған қаражаттарының орнын толтыра алмайтын. Сондықтан инвестицияларды тартуға мүмкіндік болған жоқ", - дейді комитет төрағасы.
Конкурс қорытындысы бойынша тасымалдаушылар тиісті міндеттемелерді өз мойындарына алды. Атап айтқанда, вагондар паркінің 30 пайызы жаңартылуы шарт. Бұл - шамамен 500 вагоннан. Осы салада 16 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылады деген жоспар бар.
"2017 жылы субсидиялау есебінен қосымша 24 вагон сатып алынатын болады. Мысалы, келесі жылы алғашқы алты айда 44/44 "Қостанай - Алматы" қатынасы бойынша 14 жаңа вагон, 75/46 "Қызылорда - Көкшетау" бойынша - 13 вагон, сондай-ақ 621-622 "Қостанай - Арқалық" бағытына 6 вагон сатып алынады", - деп атап көрсетті Ә.Асаубаев. Субсидиялаудың жаңа жүйесін енгізудің арқасында жолаушылар тасымалы саласындағы жеке компанияларлың үлесі 11 пайыздан 27 пайызға дейін өсті.
Бұдан бөлек, келесі жылы Алматы-Шымкент, Астана-Орал, Алматы-Орал және Астана-Алматы-Алтынкөл (ЭКСПО шеңберінде), Астана-Атырау (ЭКСПО шеңберінде), Астана-Манғышлақ (ЭКСПО шеңберінде), Астана-Шымкент (ЭКСПО шеңберінде) бағдарлары бойынша жаңа пойыздар жолға шығады.
Айта кеткен жөн, ағымдағы жылда теміржол көлігімен жүретін xалықтың саны тағы 1 млн. адамға өсіп, 23,4 млн. жолаушыны құрады. Былтыр аталған көрсеткіш 22,5 млн. адам болған. Бүгінде Қазақстанда жолаушылар вагондарының жалпы саны шамамен 2 мың бірлікті құрайды. Жыл сайын тозығы жеткен 100 вагон қолданыстан шығарылады.