Қазақстандағы жылумен жабдықтау желілерінің 40 пайызы тозған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жылумен жабдықтау желілерінің 40 пайызы тозған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындыларына арналған брифингте ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті.
«Бүгін Үкімет отырысында жылумен жабдықтау секторын жаңғырту мәселелері қаралды. Бүгінгі күні бұл сектордағы негізгі құралдардың тозу деңгейі тым жоғары. Мәселен, желілердің 40 пайызы 100 пайызға тозған. Сондай-ақ, Жылу электр стансалары мен ірі қазандықтарды қоспағанда, жылумен жабдықтау көздерінің жағдайы да мәз емес», - деді Б.Жәмішев.
Оның айтуынша, жылу желілерін жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар әзірленетін болады. Ол жоспарда жылу көздерінің техникалық тексерістен өткізу шаралары қамтылады. Соның нәтижесі бойынша жылу желілерінің техникалық жағдайына баға беріледі, инвестициялаудың негіздемесі әзірленеді, қалалар мен ауылдарды жылумен жабдықтаудың сызбанұсқасы дайындалады.
«Бұдан бөлек, осы секторда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелері де қарастырылады. Тарифтік саясатты реформалау жұмыстары да атқарылмақ. Жалпы алғанда, осындай ұсыныстарды саралау негізінде еліміздің жылумен жабдықтау секторын реформалау тұжырымдамасын бекітуді жоспарлаймыз», - деді Б. Жәмішев.