Қазақстанды 72 күн аралаған жұп 240 құстың түрін таспалап, маңызды челленджге үлес қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанды 72 күнде көлікпен аралаған Ғалым мен Айжан Байтімбет 15 100 шақырым жол жүріп, құстардың 240-қа жуық түрін кездестірген. Оның кемінде 30-ы Қызыл кітапқа енген. Ғалым Бәйтімбет Kazinform тілшісіне сирек құстармен кездесуі мен ел табиғатын зерттеуден алған әсерін айтып берді.
— Ғалым, идея қалай пайда болды? Бастапқыда Маңғыстауға баруды жоспарлаған екенсіздер.
— Айжан екеуіміздің отасқанымызға тоғыз жыл болды. Мен химиялық инженермін, Айжан — графикалық дизайнер. Кейінгі бірнеше жылда елімізді жиі аралап, жабайы табиғатқа, әсіресе құстарды бақылауға қызыға бастадық. Ал екі жыл бұрын оларды суретке түсірумен белсенді айналыстық.
Биыл жазда демалысты қалай өткізетінімізді ойладық. Шетелге барғымыз келмеді, оның үстіне елімізді көлікпен аралауды көптен бері армандап жүргенбіз. Маңғыстауды қатты жақсы көреміз. Ақтауға бірнеше рет ұшып барғанымызбен, өңірді көлікпен өз бетімізше зерттеуге мүмкіндік болмаған еді.
Алғашында Алматыдан Маңғыстауға баруды жоспарладық. Кейін жолай қызықты жерлерге тоқтап, құстарды бақылап, табиғатты зерттеуге болатынын ойладық. Сөйтіп, сапар ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның басқа өңірлерін де аралауды ұйғардық.
— Демек, сапарларыңыздың бағытын құстарға деген қызығушылық айқындаған. Оларды бақылау несімен қызық?
— Құстар әлемі өте қызықты әрі алуан түрлі. Күнделікті көріп жүрген құстардың өзіне мұқият қарасаң, олардың мінез-құлқы мен тіршілігінен көп нәрсе байқауға болады.
Бірте-бірте құстарды бақылауға қызығушылығымыз артып, оларды суретке түсіре бастадық. Бұл үшін құстың қайда мекендейтінін, немен қоректенетінін, қандай жағдайда кездесуі мүмкін екенін білу маңызды. Кейде белгілі бір құсты көру үшін ұзақ күтуге тура келеді.
Қазір саяхатқа шыққанда тек көрікті жерлерді тамашалап қоймай, сол аумақта қандай құстар мекендейтінін зерттейміз.
— Биыл 1 қаңтардан бастап «Үлкен жыл» (Big Year) жобасына да қатысып келесіздер. Бұл бастама сапарларыңызға қалай әсер етті?
— «Үлкен жыл» — әлемде құс әуесқойлары арасында кең тараған челлендж. Оның мақсаты — күнтізбелік жыл ішінде белгілі бір елде немесе өңірде мүмкіндігінше көп құс түрін көріп, тіркеу. Қазақстанда да birds.kz сайтында осындай жоба бар.
Биыл біз де қатысуды шешіп, 1 қаңтардан бастап кездескен құстардың бәрін есепке ала бастадық. Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, түр алуандығы да мол. Бірақ олардың бәрін көру оңай емес, әр құстың мекендейтін ортасы мен таралу аймағы әртүрлі. Бірін даладан, екіншісін таудан немесе көл жағасынан іздеуге тура келеді.
Сондықтан елді көлікпен аралау жаңа түрлерді кездестіруге жақсы мүмкіндік берді. Нәтижесінде сапар барысында құстардың 240-қа жуық түрін көрдік.
— Олардың арасында Қызыл кітапқа енген кемінде 30 түр бар. Ең есте қалған кездесу қайсы?
— Ұзынқұйрық жапалақпен кездескен сәтіміз ерекше есте қалды. Бұл — сирек кездесетін, өте әдемі құс. Оны көреміз деп мүлде ойламаған едік.
Табиғатта бәрін алдын ала жоспарлау мүмкін емес. Кейде арнайы іздеген құсыңды кездестірмейсің, ал кейде күтпеген жерден сирек түрге тап боласың. Осындай сәттер саяхаттың ең қызықты бөлігіне айналады.
Ұзынқұйрық жапалақ туралы жеке видео түсіруді де жоспарлап отырмыз. Ал жалпы сирек құстарды табиғи ортасында көру олардың мекенін қорғаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді.
— Қазақстанның қай өңірлері құстарды бақылау жағынан ерекше әсер қалдырды?
— Шығыс Қазақстан, Марқакөл, Катонқарағай және Маңғыстау ерекше есте қалды. Солтүстік Қазақстан да бізді таңғалдырды. Онда шағын көлдер мен ормандар көп, табиғаты оңтүстік-шығыс өңірлеріне мүлде ұқсамайды.
Әр аймақтың ландшафтына қарай құстар әлемі де өзгереді. Таулы жерде кездесетін түрлерді ашық даладан немесе көл жағасынан іздеу мүмкін емес. Сондықтан Қазақстанды аралау арқылы әртүрлі табиғи ортаны зерттеп, құстардың тіршілігін жақынырақ тануға мүмкіндік алдық.
— Құстарды суретке түсіру оңай емес. Сапардан кейін сізде шамамен 30 мың фотосурет жиналған екен. Олардың ішінде құндысы қайсы?
— Құстарды суретке түсіру үшін шыдамдылық қажет. Олардың қозғалысын бақылап, қолайлы сәтті күту керек. Кейде құс жақыннан көрінбейді, кейде бір сәтке ғана ұшып өтіп, кадрға түсіріп үлгермейсің.
Менің өзімде шамамен 30 мың фотосурет бар, Айжанда да соншаға жуық. Қазір оларды біртіндеп өңдеп жатырмыз.
Біз үшін фотосуреттің құндылығы оның әдемілігімен өлшенбейді. Кейбір кадрлар бұрын кездестірмеген құсты алғаш көрген сәтімізді еске түсіреді, енді бірі сол жердің табиғаты мен сапардағы оқиғаларды сақтап қалады. Болашақта осы материалдар негізінде шағын фотокітап шығарғымыз келеді.
— Сирек құстарды іздеп, адам аяғы сирек жететін жерлерге барған екенсіздер. Сапар барысында қандай қиындықтар болды?
— Біз адамдар сирек баратын жерлерге жетуге тырыстық. Елімізде асфальтталған жақсы жолдар көп болғанымен, мұндай аумақтарға кейде ұзақ қашықтықты жолсыз жермен жүріп өтуге тура келеді.
Сапар барысында бірнеше рет дөңгелегіміз бүлінді, балшыққа баттық. Көлікті шығару үшін бірнеше сағат бойы қазған кездеріміз де болды. Бақытымызға орай көлігіміз барлық сынақтан өтті.
Мұндай сапарда жол жағдайы мен ауа райын ескеріп, көліктің мүмкіндігін бағалау маңызды. Табиғатты зерттейміз деп қауіпсіздікті ұмытуға болмайды. Соған қарамастан, сапардың әсері жақсы болды.
Жолда басқа автосаяхатшылармен, ұлттық парктер мен қорықтардың инспекторларымен, ауыл тұрғындарымен таныстық. Көпшілігі саяхатымызға қызығушылық танытып, жылы қарсы алды.
— Алдағы уақытта осы сапарды жалғастыру немесе құстарды бақылауға қатысты қандай жоспарларыңыз бар? Қазақстандықтардың табиғатқа қызығушылығын қалай арттыруға болады?
— Әлеуметтік желіге алғашқы видеомызды жариялағаннан кейін осындай саяхатқа шығуды армандайтын адамдардың көп екенін байқадық. Бұл бізді қуантты. Қазақстанның табиғатын көру үшін міндетті түрде шетелге барудың қажеті жоқ.
Елімізде ерекше ландшафттар, сирек кездесетін құстар мен жануарлар, адам аяғы сирек жететін әдемі жерлер көп.
Табиғатты, құстарды бақылау үшін арнайы маман болу да міндетті емес. Ең бастысы — айналаңа мұқият қарау. Осы арқылы туған өлкеңді тереңірек танып, оны қорғаудың маңызын түсінесің.
Қазақстандықтардың өз елін көбірек аралап, табиғатын өз көзімен көргенін қалаймыз. Өйткені еліміздің қаншалықты әдемі әрі алуан түрлі екенін саяхат кезінде ғана толық сезінуге болады.
— Сұхбатыңызға рақмет!