Қазақстанды айыптау кейбір күштерге тиімді – Берік Уәли Садықовқа жасалған қастандық туралы

Нападении на Садыкова
Фото: UA.KyivPolice/ facebook.com

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президентінің кеңесшісі — баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының Киевте қастандық жасалған Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты мәлімдемесі туралы ой бөлісті. Бұл туралы Tengrinews хабарлайды. 

Сондай-ақ Берік Уәли зардап шеккен азаматтың жұбайы Наталья Садықованың олардың арнасы «Президенттің тамағына тұрып қалған қылтан» деген ойына қатысты пікір білдірді.

«Қайдағы қылтан? Мемлекет басшысы бұл ресурсқа ешқашан қызығушылық танытып, қараған емес. Қазақстанда әртүрлі бағыттағы ондаған, тіпті жүздеген осыған ұқсас арналар мен сайттар жұмыс істейді. Олар жұмысын жалғастырып жатыр. Аталған ресурсқа келетін болсақ, ол ешқашан ішкі ақпараттың күн тәртібіне ерекше әсер еткен емес. Оның үстіне, көптеген адам оның бар екендігі туралы Киевтегі оқиғадан кейін ғана білді», — деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, Президенттің баспасөз хатшысы «Ел басшылығының стратегиялық бағытын, оның ішінде сыртқы саясат саласындағы бағдарын өзгерту үшін Қазақстанның атына айыптаулар таратып, қысым жасауды тиімді пайдаланатын күштер бар» деп пайымдайды. Берік Уәлидің айтуынша, қылмыс Украина аумағында жасалғандықтан, тергеуді осы елдің құзырлы ведомстволары жүргізеді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің құқық қорғау органдары белгіленген рәсімдерге сәйкес қосымша ақпарат алу үшін Украина тарапына жүгінеді және қажет болған жағдайда тергеуге жәрдем көрсете алады. Бұрын Айдос Садықовқа тағылған айыптарға қарамастан, ол әуелі Қазақстан азаматы екенін ескеруіміз керек. Тиісінше, ол өзінің отбасымен бірге өз құқықтарын пайдаланады. Конституцияға сәйкес, шекарадан тыс жерде болса да, олар мемлекеттің қолдауы мен қорғауына сенім арта алады. Сондықтан Президент тиісті мемлекеттік және дипломатиялық қызметтерге, егер олардың келісімі болса, Садықовтар отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды», — деп толықтырды баспасөз хатшы. 

Айта кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте қастандық жасалған Қазақстан азаматы жайында пікір білдірген еді. 

Соңғы жаңалықтар