Қазақстандық әкелердің 60,4%-ы отбасына уақыт жетпейтінін мойындады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеулері елімізде әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласа бастағанын көрсетті.

әке мен бала
Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Халықаралық әкелер күніне орай жарияланған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ер азаматтардың 82,7%-ы бала тәрбиесін ата-ананың бірлескен міндеті деп санайды.

Сауалнамаға қатысқан ерлердің 78,7%-ы балаларымен қарым-қатынасы бұрынғыға қарағанда сенімдірек бола түскенін айтқан.

Зерттеу деректері бойынша қазақстандық отбасыларда ата-аналық міндеттерді бөлісу тәжірибесі де кең таралып келеді. Мәселен, респонденттердің 72,3%-ы балалардың бос уақытын ұйымдастыруға қатысатынын, 71,9%-ы балаларымен бірге серуендейтінін, 62,8%-ы оларды үйірмелер мен спорт секцияларына апаратынын көрсеткен.

Сонымен қатар ер азаматтардың 60,4%-ы жұмысбастылық салдарынан отбасына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын мойындаған.

Зерттеу қаржылық жауапкершілікті бөлісу үрдісінің де күшейгенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 45,8%-ы отбасылық бюджетті ерлі-зайыптылар бірлесіп қалыптастыратынын айтқан. Ал 50,4%-ында негізгі асыраушы рөлін ер адам атқарады.

«Қазақстандық әкелердің асыраушы рөлінен бала тәрбиесіне белсенді араласатын әке және тәлімгер рөліне көшу үрдісі байқалады», – делінген зерттеу қорытындысында.

Зерттеулер Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстан отбасылары» және «Берекелі отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар» тақырыптарындағы әлеуметтанулық сауалнамалары негізінде жүргізілген.

Айта кетейік, Әкелер форумында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі талқыланды.