Қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның 7 миссиясында міндетін атқарып жүр

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін – Қазақстан Республикасының Бітімгер күні. Биылдан бастап елімізде бекітілген бұл кәсіби мереке БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күнімен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің бапасөз қызметі.

 Бітімгер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қатысу – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі. Бұл еліміздің халықаралық беделін нығайтып, әлемдік қауымдастық тарапынан сенімді арттыруға ықпал етеді.

бітімгер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Халықаралық міндеттемелерді іске асыру аясында 2014 жылдан бері 900-ден аса әскери қызметші БҰҰ-ның түрлі миссиялары құрамында қызмет атқарды.

Қазіргі таңда 154 қазақстандық әскери қызметші Таяу Шығыс пен Африка құрлығындағы БҰҰ-ның 11 миссиясының 7-уіне қатысуда. Бітімгерлер Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында, Конго Демократиялық Республикасында, Ливан Республикасында және Оңтүстік Суданда әскери бақылаушы және штаб офицерлері ретінде қызмет атқарып жүр.

 Бітімгер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі Мемлекет басшысының қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу ауқымын кеңейту және оны әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Осылайша, 2024 жылдан бастап ұлттық контингент Голан жоталарындағы «БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясы аясында міндеттерін орындауда. Контингентті орналастыру алдында әскери қызметшілер БҰҰ стандарттарына сәйкес кешенді даярлық пен бағалаудан өтті.

 Бітімгер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Миссия атқару үшін қызметке қажетті жабдықтарымен, заманауи қару-жарақ және әскери техника үлгілерімен жан-жақты қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар іске асырылды. Әскери қызметшілерді даярлау Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының базасында жүргізіледі. Бітімгерлер халықаралық гуманитарлық құқықты, ағылшын тілін, әскери медицинаны, минасыздандыру негіздерін меңгеріп, патрульдеу мен тосқауыл бекеттерінде қызмет атқару машықтарын пысықтайды.

Қазақстан БҰҰ-дан бітімгерлік миссияға қатысуға дербес мандат алған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы әрі жалғыз мемлекет.

Голан жоталарында алғашқы ұлттық контингенттің орналастырылуы Қарулы күштеріміздің құзыреттілігі, жауапкершілігі және жоғары дайындық деңгейінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі болды.

 Бітімгер
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Миссия қолбасшылығы да өз тарапынан қазақстандық әскери қызметшілердің жоғары кәсібилігі мен бітімгерлік қызметке қосқан үлесін жоғары бағалады.

Айта кетейік, осыған дейін Душанбеде қазақстандық бітімгерлерге арналған естелік бұрышы ашылған болатын.