Қазақстандық автор халықаралық AI кино байқауында жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық автор Мырзахан Жұмахан Astana AI Film Festival фестивалінде «Үздік кейіпкер» номинациясында жеңіске жетті. Халықаралық қазылар алқасы оның «It Was Just a Joke» («Бұл жай ғана әзіл еді») комедиясын жоғары бағалады.
Фильмде қарапайым әзіл күтпеген жерден шынайы текетіреске ұласады.
Жеңімпаздар 3 қазанда Астанада жарияланды. Байқауға 125 елден 8 067 өтінім түсіп, финалдық бағдарламаға 25 жұмыс өтті. Олардың қатарында жасанды интеллект көмегімен түсірілген Жұмаханның фильмі де бар.
Фильмнің басты кейіпкерлері – ит және оның иесінің ағасы. Оқиға қарапайым әзілден басталады. Алайда жанжал біртіндеп өршіп, нағыз соғысқа айналады.
-Менің фильмім – комедиялық жанрда. Фильмде ит пен оның иесінің ағасы қарапайым әзіл үшін төбелесе бастайды. Соңында бұл нағыз жанжалға айналады, – деді Мырзахан Жұмахан.
Автордың айтуынша, ол жеңіл комедия түсіргісі келген. Оқиға оның мінезі мен әзіл-қалжың жасағанды ұнататынын да көрсетеді.
Фильм қазақстандық авторға Best Character – «Үздік кейіпкер» жүлдесін әкелді. Фестивальде барлығы бес арнайы номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Олар: кейіпкер, оқиға, визуалды тіл, режиссура және тұжырымдама. Бұл бағдарламадағы басқа жүлделерді Қытай, Италия және АҚШ авторлары алды.
Фильмінің комедиялық жанрда болғанына қарамастан, Жұмахан бәсекелестікке байланысты қатты алаңдаған. Финалға жасанды интеллектіні қолдануда түрлі идеясы, стилі мен тәсілі бар авторлар жиналды.
-Шынымды айтсам, бәсекелестікке байланысты қатты қобалжыдым. Өйткені мұнда талантты әрі мықты жігіттер өте көп. Барлық қатысушы өз фильміне көп еңбек сіңіріп, көп уақыт жұмсады. Сондықтан менің ойымша, олардың әрқайсысы лайықты қарсылас болды, – деді Жұмахан.
Байқауға қатысушылардың жұмыстарын халықаралық мәдениет, киноиндустрия және технологиялық бизнес өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады.
Қазылар алқасының құрамында:
- Одри Азуле – ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры және Францияның бұрынғы мәдениет министрі;
- Ма Пин – China Film Group жасанды интеллект зерттеулері институтының деканы;
- Ван Хао – Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары;
- Баладжи Сринивасан – кәсіпкер және инвестор;
- Ли Лонг – BytePlus компаниясының Таяу Шығыс, Африка, Үндістан, Түркия және ТМД елдері бойынша бас менеджері болды.
Осылайша, Жұмаханның комедиясын мәдени саясат, кино білімі, жасанды интеллект және инвестиция салаларында тәжірибесі бар қазылар алқасы жоғары бағалады.
Фестиваль ұйымдастырушылары AI кино үшін ең маңыздысы – авторлардың жаңа құралдардың көмегімен жүзеге асыратын идеялары екенін атап өтті.
-Бүгінде AI кинодағы ең қызықты нәрсе – технологияның өзі емес, авторлардың оның көмегімен жасай бастаған дүниесі. Фестиваль аясында біз ерекше визуалды шешімдерден бастап, оқиға айтудың жаңа тәсілдеріне дейінгі өте мықты әрі бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды көрдік, – деді фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF креативті директоры Айзат Құсайынов.
Алғашқы Astana AI Film Festival фестивалі 1–3 қазан аралығында AI Month аясында өтті.
Байқау бағдарламасынан бөлек, фестивальде авторлар мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен іскерлік кездесулер мен панельдік пікірталастар ұйымдастырылды. Финалистердің жұмыстары 2 және 3 қазанда MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетілді.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры $2 млн болды. Оның $1 миллионы жеңімпаздарды марапаттауға бөлінді. Тағы $1 млн перспективалы AI командаларына инвестиция салуға және Қазақстанда өндірісті дамытуға қарастырылған.
Мырзахан Жұмаханның жеңісі қазақстандық авторлардың халықаралық байқауға қатысуының нәтижелерінің бірі болды. Жеңіл комедия ретінде ойластырылған оның фильмі мыңдаған өтінімнің арасынан іріктеліп, авторына «Үздік кейіпкер» жүлдесін әкелді.
Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival жасанды интеллект қолданған фильмдердің бірінші халықаралық байқауында сөз сөйлеп, аталған фестивальдің ерекшелігін атап өтті.
Сондай-ақ AAIFF 2026 жеңімпаздары фильмдері туралы айтып берді.