Елімізде балаларға онкологиялық дәрілер қолжетімді бола ма
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Самарқандта АҚШ-тың балалар онкологиясы саласындағы жетекші орталықтарының бірі — St. Jude Children’s Research Hospital өкілдерімен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Министрліктің баспасөз қызметі атап өткендей, кездесуде балалар обырын емдеудің заманауи әдістерін енгізу, қазақстандық мамандарды даярлау және ісікке қарсы дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.
Кездесу госпитальдің атқарушы вице-президенті, St. Jude Global халықаралық бағдарламасының жетекшісі Карлос Родригес-Галиндоның қатысуымен өтті.
Тараптар балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді дамыту мүмкіндіктерін, соның ішінде сүйек кемігін трансплантаттау, молекулалық диагностика және жасушалық терапияның перспективалы әдістерін талқылады.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында заманауи көпбейінді госпиталь кешенін салу жобасына ерекше назар аударылды. Жоспарға сәйкес, ол Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Абай облысының балаларына мамандандырылған медициналық көмек көрсететін өңіраралық орталыққа айналмақ.
Ақмарал Әлназарова St. Jude орталығының тарапынан жобаға сараптамалық қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ қазақстандық дәрігерлерді оқытуды, бірлескен медициналық консилиумдар мен ғылыми зерттеулер ұйымдастыруды ұсынды.
— Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанның балаларға арналған ісікке қарсы дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған St. Jude және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық бағдарламасына қосылу мүмкіндігі болды. Бағдарламаға қатысушы елдерді балалардағы онкологиялық ауруларды емдеуге арналған сапалы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету көзделген. Қазақстанның бағдарламаға қатысу шарттары халықаралық әріптестермен бірлесіп қосымша пысықталатын болады, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қазақстандық медициналық ұйымдар St. Jude Global Alliance халықаралық желісінің құрамына кіреді. Бұл ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге негіз қалайды.
Басты мақсат — балалардың заманауи диагностика мен емдеу әдістеріне қолжетімділігін кеңейтіп, кішкентай пациенттердің көбірек бөлігіне қажетті медициналық көмекті өз елінде, отбасыларының жанында алуға мүмкіндік жасау.
Кездесу қорытындысы бойынша балалар онкологиясы, медицина кадрларын даярлау және дәрілік заттармен қамтамасыз ету бағыттарындағы бірлескен жобаларды нақты пысықтауды жалғастыру ұсынылды.
Бұған дейін қазақстандықтарға онкологиялық емнің қандай түрлері тегін көрсетілетінін жаздық.