Қазақстандық балуандар әйелдер күресінен әлем чемпионатын жүлдесіз аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Тиранада (Албания) 23 жасқа дейінгі жастар арасында әйелдер күресінен өткен әлем чемпионатын қазақстандықтар жүлдесіз аяқтады.
25 қазан күні батысқазақстандық Зейнеп Баянова 53 келіге дейінгі салмақта жүлдеге біртабан жақын болды.
Зейнеп жұбаныш белдесуінде швециялық Эллен Остманды 5:1 есебімен ұтып, қола жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды.
Қола жүлде үшін бәсекеде моңғолиялық Отгонтуя Чинболд бірінші кезеңде 2:0 есебімен алға кетті. Екінші кезеңде есепті 12:2-ге жеткізіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша, З.Баянова бесінші орынды қанағат тұтты.
Сондай-ақ 24 қазан күні қола медальға таласқан Лаура Ғаниқызы (50 кг) жапониялық Уми Итодан, ал Алина Ертөстік (76 кг) Күншығыс елінің тағы бір өкілі Нодока Ямамотодан ұтылып қалған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық қос балуанның әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін күресетінін жазған болатынбыз.