Қазақстандық балуандар дзюдодан әлем чемпионатында қай күндері сайысқа түседі
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан астанасы Баку қаласында 4 қазанда жалауын көтеретін дзюдодан ересектер арасында әлем чемпионатында қазақстандық балуандар қай күні сынға түсетіні белгілі болды.
Дүбірлі додада еліміздің атынан 15 балуан бақ сынайды.
Алдымен 4 қазанда ерлерде 60, әйелдерде 48, 5 қазанда ерлерде 66, 6 қазанда ерлерде 73 келі салмақта жүлде сарапқа салынады.
Одан кейін 7 қазанда ерлерде 81, әйелдерде 63, 9 қазанда әйелдерде 78, 10 қазанда әйелдерде 78 келіден жоғары салмақта сайыстар өткізіледі.
Сондай-ақ 11 қазанда әлем чемпионатында аралас командалық сайыс болады.
Қазақстан дзюдо федерациясы жариялаған тізімде ерлер құрамасы сапында 60 келіде Аман Бақытжан мен Шерзод Давлатов, 66 келіде Нұрқанат Серікбаев пен Асылжан Жұбатқанов, 73 келіде Есет Қуанов пен Аңсарбек Ғайнуллин, 81 келіде Жалғас Қайролла мен Абылайхан Жұбаназар, 90 келіде Данил Крылов татамиге шығады.
Ал әйелдерде 48 келіде Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева, 63 келіде Эсмигүл Куюлова, 78 келіде Аруна Жангелдина, 78 келіден жоғары салмақта Ақерке Рамазанова мен Камила Берліқаш ел намысын қорғайды.
Отандастарымыз жекелей және аралас командалық сайыста сынға түседі.
Осыған дейін Қазақстан құрамасы Азия ойындарында 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтағанын жазғанбыз.