Қазақстандық балуандар Оңтүстік Кореядағы турнирде 6 жүлде жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM - Санджу қаласында күрес түрлерінен өткен Korea Open халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстандық спортшылар бұл cпорттық бәсекеде алты медаль жеңіп алды. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.
Отандасымыз Эльмира Сыздықова аталған додада 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үздік атанды.
Грек-рим күресінен ел намысын қорғаған Айбек Айтбеков (60 келі) пен Диас Сейітқалиев (77 келі) финалға дейін жеткенімен, шешуші белдесулерде қарсыластарына есе жіберді. Осылайша олар күміс жүлдені қанағат тұтты.
Ал үшінші орынға Мақсат Сайлау, Темірлан Тұрдақын (екеуі де 87 келі салмақта) және Нұрасыл Аманәлі (97 келі) табан тіреді.
Еске сала кетейік, бұған дейін дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуропа кубогында озық шыққанын хабарлаған едік.