Қазақстандық бизнес су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек беруде

тасқын
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті шетте қалмай, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге шақырды. Бірнеше ірі компания мен банктер қазақстандықтарға көмек қолын созуға дайын екенін білдірді.

Kcell және Beeline ұялы байланыс операторлары су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға телефон қоңыраулары үшін тегін минуттар, сонымен қатар интернет гигабайттары мен ондаған SMS ұсынатынын хабарлады. 

Өз кезегінде қазақстандық екінші деңгейлі банктер 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін зардап шеккендер үшін несие төлемін өтеу мерзімін кейінге қалдыруға және өсімпұлдар мен өсімпұлдарды есептемеуге дайын екенін білдірді.

Қазақстандық Astana Motors автомобиль компаниясы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көмек көрсету үшін «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының шотына 500 млн теңге аударғанын хабарлады. 

«Барлығымыз болған оқиға үшін уайымдап, табиғи апат салдарынан кенеттен баспанасынан, мүлкінен және күнкөріс құралдарынан айырылған отандастарымызға жанашырлық танытып отырмыз. Біз зардап шеккен аймақтарда қалыпты өмірді қалпына келтіру үшін 500 млн теңге бөлуді ұйғардық. Төзімділік, шыдамдылық және өзара көмек су тасқынының салдарын еңсеруге көмектеседі», - деді Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Зардап шеккендерге көмек қолын созуда қарапайым қазақстандықтар да шетте қалмады. Бірнеше күннің ішінде «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының есепшотына 55 мың азамат 80 млн теңге жинады. Kaspi.kz бұл соманы 200 млн теңгеге дейін арттырды. 

«Ақша Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жолдарды жөндеу, құтқару тікұшақтарының жұмысын қамтамасыз ету, генераторлар, сорғылар, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмек сатып алу үшін «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қорына жіберіледі», - деді Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе.

Halyk Bank пен «Халық» қайырымдылық қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде тағы бір миллиард теңге бөледі. Halyk тобының басшылығы бұл қадам мемлекет тарапынан қолдау шараларымен бірге, сондай-ақ барлық мүдделі азаматтар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен адамдардың табиғи апаттың зардаптарынан тезірек сауығып кетуіне ықпал ететініне сенім білдірді.

Болат Өтемұратов атындағы қор су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 680 млн теңге бөлді. 

«Осы күндері біз миллиондаған отандастарымыз сияқты су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына терең жанашырлық сезімін білдіреміз және бөлінген қаражат оларға бірінші кезектегі қажеттіліктерді сатып алуға, қиын күндерден аман өтуге көмектесуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деді Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

Сондай-ақ Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендердің барлық шығынын мемлекет өтейтінін айтты. 

BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында компанияның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қаржылай көмек көлемін арттыру туралы да шешім қабылдағанын жазды. 

BI Group холдингі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету үшін 500 млн теңге бөлетінін хабарлады. Бұған дейін компания әкімдіктерді барлық қажетті құрылыс және арнайы техникамен, адами және материалдық ресурстармен қамтамасыз етті. 

«Су тасқынынан зардап шеккен мыңдаған қазақстандықтарға шын жүректен көңіл айтамыз. Баспанасы мен мүлкінен айырылу – кез келген адам үшін үлкен сынақ және отандастарымызға қолдау көрсету жауапкершілігі мен парызын сезінеміз. Біз бірге зардап шеккен аудандарды қалпына келтіруге және адамдардың қалыпты өмірге оралуын жеңілдетуге тырысамыз», - деп бөлісті BI Group директорлар кеңесінің төрағасы А.Рахымбаев.

Бөлінген қаражат қаржылық қолдауға, сондай-ақ қалпына келтіру үшін жүргізілетін құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалады. Сондай-ақ, жақын арада BI Group қызметкерлері зардап шеккен аймақтардағы үйлерді қалпына келтіруге көмектесу үшін жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар