Қазақстандық бітімгерлер Голан биіктіктеріндегі дербес миссияға кірісті

Ту
Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағында Голан биіктігінде орналасқан Фауар бітімгерлік базасында Қазақстанның бітімгерлік контингентіне ұйымның туын табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. 

Іс-шараға «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясының басшысы генерал-лейтенант Курмал Нирмал және миссия құрамындағы бітімгерлік контингенттердің басшылары қатысты.

– Миссия қолбасшысының резерві болу үлкен мәртебе. Сіздерге кәсіби біліктілік пен тиісті құзыреттілікті талап ететін ең жауапты міндет жүктеліп отыр. Қазақстандық бөлімше де Ирландияның бітімгерлік контингенті сияқты өзіне жүктелген миссияны лайықты деңгейде орындайтынына сенімдімін, - деп атап өтті генерал-лейтенант Курмал Нирмал қазақстандық әскери қызметшілерге арнаған сөзінде.

ТУ
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ирландиялық бөлімшенің басшысы подполковник Оливер Клиар БҰҰ Туын Қазақстан ұлттық контингентінің командирі подполковник Жігер Аиповқа салтанатты жағдайда тапсырды.

– БҰҰ туын тапсырған сәттен бастап біздің бөлімше Голан биіктіктеріндегі миссияның толыққанды қатысушысы болды. Енді біз тапсырма бойынша жүктелген міндеттерді орындауға кірісеміз, - деп түсіндірді подполковник Жігер Аипов.

Бір жыл ішінде қазақстандық бітімгерлік контингент жергілікті жерді патрульдеумен, блокпосттарды күшейтумен және қарсылас тараптар арасындағы атысты тоқтату режимін қолдаумен айналысып, БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес басқа да міндеттерді орындайтын болады.

Соңғы жаңалықтар