Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында төрт айда 470 жедел іс-шара өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бөлінуді бақылау жөніндегі миссиясы құрамында төрт айда 470 жедел іс-шара өткізді, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
19 қыркүйекте Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентінің аталған миссия құрамында қызмет атқара бастағанына төрт ай толды.
Осы уақыт ішінде әскери қызметшілер жауапкершілік аймағында 379 рет патрульдеу жүргізді. Сонымен қатар 49 уақытша түнгі бақылау бекеті ұйымдастырылып, жедел әрекет ету күштерінің 11 оқу-жаттығуы өтті. Жергілікті қауымдастық өкілдерімен де 11 кездесу ұйымдастырылды.
– БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес бітімгерлік ротаның әскери қызметшілері жауапкершілік аймағын патрульдеп, ахуалды бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ жедел әрекет ету күштерінің тұрақты әзірлігін қамтамасыз етеді, – делінген министрлік хабарламасында.
Қажет болған жағдайда қазақстандық бітімгерлер бақылау бекеттерін күшейтуге, БҰҰ персоналын эвакуациялауға, сондай-ақ ұйым өкілдері мен жүктерін алып жүруге тартылады.
Ұлттық контингенттің инженерлік-саперлік тобы да арнайы міндеттерді атқарып жатыр. Төрт ай ішінде әскери қызметшілер 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1 800 оқ-дәріні анықтап, жойған.
Қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ мандатына сәйкес Голан жоталарындағы міндеттерін орындауды жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, шілдеде қазақстандық бітімгерлер Ливандағы БҰҰ миссиясында қызмет атқаруға аттанды.