Қазақстандық бітімгерлер Малиден елге оралды
БҰҰ-ның Малидегі тұрақтандыру жөніндегі көпсалалы кешенді миссиясының құрамында (МИНУСМА) бір жыл қызмет еткен Қазақстан Қарулы күштерінің екі әскери қызметшісі елге оралды, деп хабарлайды Кazinform.
ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Африка Республикасында олар штаб офицерлері ретінде қызмет атқарған.
«Миссия барысында біз ақпарат жинап, талдау жасадық. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша штабқа ұсыныстар дайындадық, жауапкершілік секторларында БҰҰ базаларының дайындығын тексердік», – деді бітімгер Ермек Төлесов.
Қазақстанға келгеннен кейін подполковник Е. Төлесов Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында оқытушылық қызметін жалғастырады. Ол БҰҰ-ның басқа миссиялары үшін бітімгерлерді дайындаумен айналысып, тәжірибе бөлісетін болады. Себебі, Ермек Төлеуов Малиден басқа, бірнеше жыл бұрын Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясында қызмет еткен.