Қазақстандық бітімгерлік контингентінің командирі: Бәрі жоспар бойынша іске асырылып жатыр

бітімгерлік
Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM –  Қарулы күштердің әскери қызметшілері Қазақстан аумағынан Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін автокөлікпен жетті, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Базаның орналасқан жеріне қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауға арналған әскери техника мен мүлік те жеткізілді. Қазақстандық жасақтың құрамында 139 әскери қызметші бар. 

бітімгерлік
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ұлттық контингенттің жеке құрамы базаға орналасып, жайғасып жатыр. Рота штабы істерді қабылдау және «БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясы қолбасшысының резервтік ротасының функционалын нақтылау жұмысына кіріседі.

– Бәрі жоспар бойынша іске асырылып жатыр. Жексенбі күні бітімгерлерге жүктелген міндеттерді зерделеу бойынша жеке құраммен сабақтар өткіземіз, ал дүйсенбіде оларды іс жүзінде пысықтауды бастаймыз, – деді қазақстандық бітімгерлік контингентінің командирі, подполковник Жігер Аипов.

бітімгерлік
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бітімгерлік миссияларға қатысу әскери қызметшілердің жауынгерлік дағдыларын арттыруға ықпал ететін оқытудың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл миссияның ерекшелігі өз қызметімізді жеке атқаруда болып отыр. Бұрын біздің бітімгерлік контингент басқа елдердің бөлімшелерінің құрамында қызмет еткен болатын.

бітімгерлік
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бөлімше жауапкершілік аймақтарын патрульдеу, тосқауыл бекеттерді ұйымдастыру, бітімгерлік базаны күзету және бейбітшілік уағдаластықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті сауытты дөңгелекті машиналармен, камаздармен, шағын автобустармен және жол талғамайтын көліктермен жабдықталған.

бітім
Фото: Қорғаныс министрлігі

БҰҰ Таяу Шығыстағы тәуелсіз миссиясын орындау үшін Қазақстаннан аттанған әскерилер Сирияға аман-есен жеткенін жазған болатынбыз.

14 наурызда 139 адамнан тұратын алғашқы эшелонды Алматыдан салтанатты түрде шығарып салған еді.

Соңғы жаңалықтар