Қазақстандық дзюдошы Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды

Мағжан Шамшадин
Фото: ҚР Дзюдо федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өтіп жатқан дзюдодан Grand Slam турнирінде қазақстандық татами шебері Мағжан Шамшадин ел қоржынына күміс медаль сыйлады.

60 келі салмақта ел намысын қорғаған Шамшадин финалдық айқаста жарыс қожайыны Мұхаммедсолех Кубатовқа жол берді. Қола медаль Изнаур Сааев пен Хайато Кондоның еншісінде кетті.

Бұл - Шамшадиннің Үлкен дулыға санатындағы жарыстарда алған 4-жүлдесі. 

Ол өткен жылы маусымда Астанада алғаш рет өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam-да алтыннан алқа тағынған. Ал Тель-Авивте (2022 жылы) және Тбилисиде (2023 жыл) қола жүлдеге қол жеткізген. Міне, биыл финалға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдегер атанды.

Мағжан бүгін іріктеуде Мұхаммад Махмадизоданы (Тәжікстан), Анджело Пантаноны (Италия) жеңіп, С тобынан шықты. Ал жартылай финалда Изнаур Сааевтың (Ресей) осал тұсын тапты.
Осы салмақтағы тағы бір спортшымыз Нұрқанат Серікбаев алғашқы белдесуінде жапон палуаны Хайато Кондоға жол берді.

IJF ережеcіне сәйкес, Grand Slam жеңімпазы мен жүлдегерлері әлем және Олимпиада рейтингінде ұпайға ие болады. Атап айтар болсақ, 1-орын үшін 1000, 2-орын – 700, ал 3-орын алған екі дзюдошы 500 балл алады.

Соңғы жаңалықтар
telegram