Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Ташкентте (Өзбекстан) дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.

Ташкентте (Өзбекстан) дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Фото: ҰОК

Бағдарламаның соңғы жарысы аралас командалық бәсеке болды. Қазақстан құрамасы бірінші айналымда Жапониямен кездесіп, 0:4 есебімен жеңіліп қалды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы бұл жарысты бір алтын, бір қола медальмен аяқтады.

Санжар Еруланұлы 100 келіге дейінгі салмақта топ жарса, Асқар Біржанов үшінші орын алды.

Сондай-ақ 100 келіден жоғары салмақта Әділжан Жаудинов жүлдеге бір қадам жетпей, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Командалық есепте Қазақстан жетінші орынға жайғасты.

Айта кетелік Жібек Құламбаева әлемдік рейтингіде алғаш рет ТОП-80-ге кірген еді.