Қазақстандық ғалымдар қуық обырын емдеудің жаңа тәсілін зерттеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ғалымдар қуық обыры жасушаларының химиотерапияға төзімділігін жеңу жолдарын зерттеп жатыр. Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Назарбаев Университетінің мамандары ісік жасушаларының дәрі-дәрмекке реакциясын зерттеп, стандартты емнің тиімділігін арттыру мүмкіндігін қарастыру үстінде.

Қазақстандық ғалымдар қуық обырын емдеудің жаңа тәсілін зерттеп жатыр
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, зерттеуге шамамен 60 пациент қатысады. Мамандар олардың ісік тіндері мен несеп үлгілерін пайдаланып, үш өлшемді жасушалық модельдер әзірлейді.

Бұл технологиялар ғалымдарға обыр жасушаларының мінез-құлқын бақылауға, дәрі-дәрмектерге реакциясын бағалауға және ісіктің емге төзімділігін жеңу жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.

Зерттеушілер TAM рецепторлары деп аталатын ақуыздар тобына ерекше назар аударып отыр. Олар ісік жасушаларының қорғаныс механизмдерін қалыптастыруға қатысуы мүмкін. Алдын ала нәтижелер кейбір ақуыздардың деңгейі аурудың агрессивтілігімен және химиотерапияға төзімділікпен байланысты болуы ықтимал екенін көрсеткен.

Қазір мамандар зертханалық жағдайда стандартты емнің тиімділігін арттыру үшін осы ақуыздарды тежеу мүмкіндігін зерделеп жатыр.

Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкоурологы Жанқуат Кубеев зерттеудің әлі клиникаға дейінгі кезеңде екенін атап өтті.

«Әзірге емдеудің жаңа әдісін енгізу туралы айтуға әлі ерте. Біз биологиялық үлгілермен және зертханалық модельдермен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тәсілдің пациенттерге әсері әлі тексерілген жоқ», – деді ол.

Зерттеудің тағы бір бағыты – ісік тінін алуды қажет етпей, несеп талдауы арқылы ісіктің биологиялық ерекшеліктерін анықтау мүмкіндігін бағалау.

Мамандардың пікірінше, дәрігерлер мен ғалымдардың бірлескен жұмысы отандық медицина ғылымының дамуына, заманауи зертханалық технологияларды игеруге және ғылыми әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Мұндай зерттеулер онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін әзірлеуге және дербестендірілген медицинаны дамытуға негіз болмақ.

Осыған дейін ғалымдардың ұйқы безі обырын емдеудің жаңа тәсілін тапқаны туралы жаздық.

https://kaz.inform.kz/news/galimdar-uyki-bez-obirin-emdeudn-zhana-tasln-tapti-a9a4762a/