Қазақстандық ғылыми атақтар ЕАЭО елдерінде мойындалады
АСТАНА. KAZINFORM – ЕАЭО шеңберінде ғылыми атақтар өзара танылады.
6-7 тамызда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің үкімет басшылары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімге қол қойды.
— Келісімге сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары берген аға ғылыми қызметкер, доцент, қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтары туралы құжаттар ұлттық тану рәсімдерінен өтпей-ақ өзара танылады.
Осылайша, Қазақстан Республикасында берілген ғылыми атақтар туралы құжаттар ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында қосымша растау рәсімдерінен өтпей-ақ танылады. Сонымен қатар, Келісімнің ережелері ол күшіне енгенге дейін берілген ғылыми атақтар туралы құжаттарға да қолданылады, — делінген министрлік хабарламасында.
Келісімді іске асыру ЕАЭО ортақ еңбек нарығы шеңберінде ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруын қамтамасыз етуге, жұмысқа орналасу кезіндегі әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, сондай-ақ ғылыми атақтар туралы құжаттарды тануға байланысты азаматтардың уақыттық және қаржылық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін, 2024 жылғы 2 мамырда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім күшіне енгенін айта кету керек.
Айта кетелік Қазақстан ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық аккредиттеу кеңістігін қалыптастыруды ұсынған еді.