Қазақстандық гимнаст Хорватиядағы турнирде жеңімпаз атанды

Спорт
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM — Ілияс Азизов Хорватияның Осиек қаласында өткен спорттық гимнастикадан Challenge Cup кезеңінде чемпион атанды.

Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, ұлттық құрама спортшысы ат снарядындағы жаттығуда 14.600 балл жинап, алтыннан алқа тақты. 

Ілияс 1 күн бұрын осы бағдарламаның іріктеуінде де ең көп ұпай жинағанын (14.650) айта кетейік. 

Ат снарядында күміс медаль олимпиада (2008) және әлем чемпионатының (2014) күміс жүлдегері Филип Уденің (Хорватия) еншісінде. Ол 14.300 ұпайға ие болды. Үздік үштікті тағы бір хорватиялық гимнаст Марко Самболек (14.000 балл) түйіндеді.

Бұл – Азизовтың осы жарыстағы екінші жүлдесі. Бұдан бұрын ол еркін жаттығуда (14.200 балл) күміс алған. Мұнда Ілияс украиналық Илья Ковтунды (14.400) ғана алға жіберді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Айбота Ертайқызының көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде үш медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.

 



Соңғы жаңалықтар