Қазақстандық IT мамандары қай елдерге қызмет көрсетеді

Интеллектуальная собственность, цифровизация, безопасность, интернет
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – 2023 жылы елімізде IT-қызметтердің көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 46,4 пайызға артық.

Energyprom.kz мәліметінше, резидент болып табылатын заңды тұлғаларға көрсетілген қызмет құны 1,1 трлн теңгені, ал жеке тұлғалар үшін 65,7 млрд теңгені құраған. Резидент қатарына кірмейтін тұлғаларға 260 млрд теңгенің қызметі көрсетілген.

Қызмет түрлеріне тоқталсақ, басым бөлігі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге тиесілі: 383,9 млрд теңге, жылдық өсім – 49%. Одан кейін қосымшаларды орналастыру қызметтері және олармен байланысты қызмет (229,1 млрд теңге), бағдарламалық қамтамасыз ету (167 млрд теңге), ақпараттық технологиялар саласындағы консалтингтік және тәжірибелік қызметтер (88 млрд теңге), ақпараттық басқару қызметіндегі мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді қалыптастыру және дамыту (76,5 млрд. теңге).

Өңірлер бойынша барлық ІТ-қызметтердің 51,9%-ы Алматы қаласында көрсетілген (718,7 млрд теңге). Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 50,1%-ға артық. Ал көрсетілген қызметтің 35,7%-ы елордаға (493,7 млрд теңге) тиесілі. Кейінгі орындарға Қарағанды (44,1 млрд теңге), Батыс Қазақстан (29,7 млрд теңге) және Павлодар (15,9 млрд теңге) облыстары жайғасқан.

Сала бойынша ең аз қызмет Түркістан (869,6 млн теңге), Ұлытау (1,1 млрд теңге) және Қызылорда (1,6 млрд теңге) облыстарында көрсетілген.

Айтпақшы, Теміртауда Жоғары политехникалық колледж базасында жастардың ақпараттық технологияға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ІТ лагері ашлыған. Мұнда он күн ішінде 100 қала оқушысы ІТ негіздерін үйренеді. Лагерь пилоттық режимде жұмыс істейді. Білім беру бағдарламалары жас ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылады.

Резидент еместерге секторда көрсетілетін қызметтерге келетін болсақ, АҚШ-та қызмет молынан көрсетілген (60,6 млрд теңге). Бұл - бір жыл бұрынғыдан 91,6%-ға артық. Қызмет алушы елдер арасында екінші орынға солтүстіктегі көршіміз Ресей (42,8 млрд теңге) тұрақтаған. Үздік үштікті Ұлыбритания түйіндеді, оған Қазақстан 34,4 млрд теңгенің IT қызметін көрсетіпті. Бұл - бір жыл бұрынғыдан 2,9 есе көп.

Қызмет алушы елдердің алғашқы он бестігіне БАӘ, Кипр, Ирландия, Мексика, Сингапур, Өзбекстан, Германия, Қытай, Нидерланды, Швеция, Қырғызстан және Бельгия енгенін атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар
telegram