Каратэден ӘЧ: Қайсар Алпысбай мен Мөлдір Жаңбырбай финалға шықты

спорт
Фото: коллаж - Kazinform/Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстандық каратэшілер Қайсар Алпысбай мен Мөлдір Жаңбырбай (50 кг) Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, кумите бағдарламасында Қайсар 60 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда әлем чемпионы, италиялық Анджело Крешенцоны (Италия) 5-1 есебімен жеңді.

Қайсар Алпысбай алтын медаль үшін грекиялық Христос-Стефанос Ксеноспен күш сынасады.
Қайсар қазір WKF каратэден әлем рейтингінде 7-орында тұр. Ол Премьер-лига санатындағы бәсекеде 3 мәрте топ жарған. Сондай-ақ биылғы Азия чемпионы және Ханчжоуда өткен Азиаданың жеңімпазы.

Мөлдір Жаңбырбай 50 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингінің көшбасшысы, Венесуэла каратэшісін айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасады. Мөлдір жуырда ғана Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.

Мөлдір Жаңбырбай
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

 

Сондай-ақ жексенбі күні Дидар Әмірәлі мен Софья Берульцева қола медаль үшін таласады.

«Бұл – біздің еліміз үшін тарихи сәт. Алғаш рет екі спортшымыз әлем чемпионатының финалына шықты. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз Дархан Асаділовтің 2008 жылғы күміс медалі еді. Екі финалмен қоса екі қола үшін жекпе-жек күтіп тұр. Жалпы, ересектер арасында бізден WKF каратэден әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар. Сәтін салып, елге екі алтынмен қайтуға барымызды саламыз», – деді WKF каратэден халықаралық дәрежедегі төреші, ұлттық құраманың бас бапкері Асқар Молдағали.

Айта кетейік, WKF каратэден ұлттық құрама XIX жазғы Азия ойындарына 8 спортшы апарып, бәрі жүлдеге ие болды (3 алтын, 3 күміс, 2 қола). Сондай-ақ биыл Азия чемпионатында алғаш рет жалпы есепте топ жарды.

Соңғы жаңалықтар