Қазақстандық команда FIDE-нің университеттер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алды
АСТАНА. KAZINFORM - Алматыда тарихта алғаш рет университеттер арасында FIDE командалық әлем чемпионаты өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарыс қорытындысы бойынша Ural State Mining University (Ресей) командасы чемпион атанса, Saint Louis University (АҚШ) күміс жүлдені иеленді. Үшінші орынға Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) командасы жайғасты.
Чемпионаттың салтанатты іс-шаралары мен финалдық ойындары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub алаңында өтті. Жарыс ұйымдастырушыларының қатарында Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бар.
FIDE-нің университеттер арасындағы алғашқы командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу үшін 49 елден 79 команда бақ сынады. Онлайн іріктеу қорытындысы бойынша ең мықты сегіз команда финалдық кезеңге жолдама алса, тағы сегіз команда ұйымдастырушылардың шақыруымен қатысты.
Осылайша, Алматыда әлемнің түкпір-түкпірінен келген 16 университеттік команда бас қосты.
Қазақ ұлттық спорт университеті командасының өнер көрсетуі ерекше атап өтуге лайық. KNUS командасы турнир тарихында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегерлері қатарынан көрінді.
Ширек финалда KNUS командасы Афина ұлттық техникалық университетінің командасымен кездесті. Екі матчтың қорытындысы бойынша қазақстандық команда 5:3 есебімен жеңіске жетіп, чемпионаттың жартылай финалына жолдама алды.
Үшінші орын үшін тартыста KNUS командасының қарсыласы АҚШ-тың University of Texas at Dallas командасы болды. Екі матчтың қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы FIDE-нің университеттер арасындағы алғашқы командалық әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
KNUS құрамында жас қазақстандық гроссмейстер, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, Қазақ ұлттық спорт университетінің студенті Қазыбек Нөгербек өнер көрсетті. 2024 жылы ол өз жас санатында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл жолғы турнирде Қазыбек Нөгербек команданың табысты өнер көрсетуіне өз үлесін қосып, оның жартылай финалға шығуына ықпал етті.
Шахматты қоса алғанда зияткерлік спорт түрлерін дамыту – дарынды жастарды қолдау жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Шахмат стратегиялық ойлау, зейін қою, тәртіп пен байыпты шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Қазақстандық студенттердің халықаралық аренадағы жетістіктері отандық жастардың жоғары әлеуетін көрсетеді.
- Алматыда университеттер арасындағы FIDE командалық әлем чемпионатының алғаш рет өткізілуі университеттік спортты және халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды. Турнир әлемнің әртүрлі елдеріндегі жетекші университеттердің өкілдерін біріктіріп, спорттық және академиялық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты, -делінген хабарламада.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақ ұлттық спорт университетінің командасын әлем чемпионатында қола жүлде иегері атануымен құттықтап, спортшыларға халықаралық аренада жаңа жеңістер тілейді.
Осыған дейін Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE әлем чемпионаты өтетіні туралы жаздық.