Қазақстандық май зауыттары Шанхайда 108 млн АҚШ долларына келісімшарт жасады

АСТАНА. KAZIFORM – Қазақстанның май және май өнімдерін өндіруші кәсіпорындары Шанхай қаласында өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) аясында жалпы сомасы 108 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық май зауыттары Шанхайда 108 млн АҚШ долларына келісімшарт жасады
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстанның ұлттық павильонында Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мен отандық тоғыз май зауыты май өңдеу саласының өнімдерін таныстырды. 

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, бұл көрме іскерлік байланыстарды нығайтуға, жаңа серіктестер табуға және Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді алаң.

-Біз бұл көрмеге төрт жыл қатарынан қатысып келеміз. Осы уақыт ішінде жаңа серіктестер тауып, бірқатар келісімшартқа қол қойдық, – деді Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы өкілдері.

Көрме аясында «Шыңжаңға инвестиция салыңыз» атты таныстырылым шарасы өтіп, оған Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі бас хатшысының орынбасары Сюй Байкэ мен Қазақстанның Шанхай қаласындағы бас консулы Нұрлан Аққошқаров қатысты. Іс-шара барысында Қауымдастықтың атқарушы директоры Александр Яшков қатысушыларға Қазақстанның май өнеркәсібінің даму болашағы мен экспорттық әлеуеті туралы баяндады.

Оның айтуынша, салада қарқынды өсім байқалады. Соңғы бес маусымда осы салада экспорт көлемі бес есеге артқан. 2025/2026 маусымының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,8 млн тоннадан асып, экспорттан түскен кіріс 1 млрд 233 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш те бес есеге өскен.

Жалпы, қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Олардың қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық одақ елдері және Таяу Шығыс бар. Қытай отандық өнімді импорттаушы ірі елдердің арасында екінші орында тұр. Сонымен қатар бұл нарықта сұраныс та өте жоғары. Соңғы бес маусымда Қазақстаннан Қытайға экспортталған өсімдік майлары, шрот пен күнжарадан түскен валюталық түсім 385 млн АҚШ долларына артып, 438 млн АҚШ долларына жетті.

-Қазақстандық май өнімдері Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Мұны жыл сайын миллиондаған долларды құрайтын келісімшарттардың жасалуы да растайды. Қытай нарығының ауқымдылығы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік береді. Атап айтқанда, биылғы маусымда Қытайдың өсімдік майлары, шрот пен күнжара импортының жалпы көлемі 16 млн тоннаға бағаланып отыр, – деп атап өтті Александр Яшков.

Шанхайда жасалған 108 млн АҚШ долларына тең экспорттық келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолындағы кезекті маңызды қадам екені сөзсіз.

Осыған дейін Қазақстанның май өнімдері экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отырғаны туралы жаздық.