Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер қанша сый-сияпатты мемлекетке қайтарды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Kazinform агенттігіне қазақстандық мемлекеттік қызметшілерге қатысты сый-сияпат статистикасын ұсынды. Белгілі болғандай, жыл басынан бері олар қарапайым азаматтардан алған 178 сыйлықты мемлекетке қайтарған.
Заң бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулері бар жауапты мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтар, сыйлық алынған күннен бастап немесе ол туралы белгілі болған күннен бастап 7 күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік мүлік басқаруға уәкілетті органға өтеусіз түрде берілуі керек. Содан кейін бұл мүлік аукционда сатылады.
«2024 жылдың 9 айында ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған мемлекеттік қызметшілер мен басқа да тұлғалар мемлекеттік мүлік құрамына 178 сыйлықты өтеусіз негізде тапсырды, олардың болжамды құны 1 444,87 мың теңгені (шамамен 1,45 млн – ред.) құрады», - деп жазылған жауапта.
Сондай-ақ, жыл басынан бері 9 айда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменттері 712,56 мың теңгеге 88 сыйлықты сатқанын хабарлады.
Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1 қыркүйекте мұғалімдерге сыйлық беру мәселесін түсіндірген болатын. «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» республикалық тамыз педагогтер саммитінің кулуарында журналистер министрден: «1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл мен кәмпит беру дұрыс па?» деп сұраған еді.